Атырауда ассенизатор жүргізушілері кәріздік сорғы станциясының құрылысын жеделдетуді талап етті

10.09.2025 19:56

Шаһарда кәріздік сорғы станциясы күрделі жөндеу үшін жабылған

Атырауда отыз шақты ассенизатор жүргізушісі шу шығарды. Олар шенеуніктерден қаладағы кәріздік сорғы станциясының құрылысын жеделдетуді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ассенизатор жүргізушілері тұрмыстық қалдық пен нәжіс төгетін орынның тым алыс орналасқанына наразы. Олар жанармайдың қымбаттауы, жол шығыны мен суды төгу үшін алынатын төлем табысты ақтамайтынын айтты. Шыдамы таусылған жұрт облыстық әкімдік алдына жиналып, қаланың ішінен қалдық төгетін орын ашып беруді талап етті.

 «2022 жылы әкімдік қала ішінен қалдық төгетін орынға рұқсат берген, қайта жауып тастап отыр. Бесікті немесе Талғайраннан 15-16 мың теңгеге тасиды. Біреуінің қалтасы көтерсе, екіншісіне қымбат. Өзен қашық әрі кешке кептеліс басталады», – деді ассенизатор жүргізушісі Салауат Құлбаев.

Көлік жүргізушілерінің айтуынша, шаһарда кәріздік сорғы станциясы бар. Бірақ ол күрделі жөндеу үшін жабылған. Соның кесірінен күнделікті 20 шақырымдық жерге қатынауға, қып-қызыл шығынға батуға тура келеді.

 «Халықпен жұмыс істейміз, солардың жағдайын ойлау керек. Мәселені 3 жыл бұрын айтылса да, шешілген жоқ», – деді ассенизатор жүргізушісі Келес Алпысов.

«Атырау су» мекемесінің айтуынша, қазір қала аумағында тек 2 жерде тұрмыстық қалдық пен нәжіс суын төгетін орын қарастырылған. Келесі жылға дейін жаңа кәріздік сорғы станциясының құрылысын бастамақ, жобалық-сметасы әзірленіп жатыр.

«Атырау-су арнасының» техникалық шарты бойынша, қаланың оң жағалауында Сарыөзек аумағында айдау станциясы белгіленген. Ол жақ алыс болғандықтан, осындай жағдайға туындап жатыр. Энергетика басқармасы аясында қаланың сол жағалауында жобаның құрылыс жұмыстары келесі жылы шешіледі», – деді  «Атырау су арнасы» ММК директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров.

Ассенизатор жүргізушілеріне күтуден басқа амал қалмайтын сияқты. Ал күрделі жөндеуге жабылған кәріздік сорғы станциясының нақты қашан пайдалануға берілетіні белгісіз.

Жұлдыз Қайратқызы, Рамазан Өмен, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ішкі көші-қонды реттеу: сарапшылар ірі компанияларды өңірлерге көшіруді ұсынды