Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықтың өңірлерден елордаға не себепті толассыз ағылып жатқанын жан-жақты талдауды тапсырған
Астанада халық саны жылдан-жылға артып келеді. Ресми мәлімет бойынша, қалада 1 миллион 500 мыңнан аса тұрғын болса, тіркеусіз жүрген 400 мыңнан астам азамат бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арман қуып, жаңа мүмкіндік іздегендер үшін Астана әлі де басты таңдау болып тұр. Статистикаға қарағанда, 2023 жылы елордаға 105 мың адам көшіп келсе, былтырғы көрсеткіш 154 мыңға жеткен. Биыл 100 мыңнан аса адам бас қалаға қоныстанған. Мамандардың дерегінше, соңғы 5 жылда елордадағы көші-қонның ең жоғары өсімі 2024 жылы тіркелген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықтың өңірлерден елордаға не себепті толассыз ағылып жатқанын жан-жақты талдап, басқа да өңірлерде әлеуметтік әрі экономикалық тартымды орталықтар қалыптастырудың маңызын айтты.
«Елордаға ең көп адам Ақмола облысынан, екінші Түркістан облысынан, Алматыдан, сосын Қарағанды және Жамбыл облысынан келеді. Ақмола облысынан адамдар көп келуіне байланысты аймақтың демографиялық жағдайы күрт өзгеріп жатыр. Адам өте азайып жатыр. Статистика тек тұрғылықты мекен-жайға келген адамдарды санайды. Ал уақытша келгендерді санамайды. Себебі олардың саны өте көп, оларды қадағалау мүмкін емес», – деді Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Бауыржан Исмайлов.
Астана қаласының 2016 жылы бекітілген бас жоспары бойынша 2030 жылға дейін халық саны 1 миллион 200 мыңға жетуі керек еді. Бірақ бүгінгі таңда бұл көрсеткіш межеден асып кеткен. Мамандардың айтуынша, елордаға жаппай қоныс аударудың салдарынан жоспарға түзетулер енгізуге тура келген. Олар жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерерде, алдымен әлеуметтік және инженерлік нысандар салынуы тиіс екенін алға тартады. Бұл қаланың инфрақұрылымына түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
«Былтыр бас жоспар бекітілді. Халық саны 2035 жылға дейін 2 миллион 275 мың адамға дейін өседі деп санаймыз. Қазір бас жоспарына толықтырулар енгізіліп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін Үкіметтің қаулысымен бекітеміз деп жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлер қарқынды салынып жатыр. Түрлі қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары бар. Басқа аумақтағы адамдардың көшіп келіп жатқан себептерінің бірі – осы», – деді қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.
Еліміздің экономист сарапшылары ірі компанияларды өңірлерге көшіруді ұсынып отыр. Сол кезде қызметкерлер де жұмыс іздеп, жақсы орындарға барады. Сала мамандары керек болған жағдайда бұл істе көмектесуге дайын екенін жеткізді.
«Президенттің бұл мәселені көтергені өте дұрыс болды. Оны шешудің түрлі жолдары бар. Бір жағынан, Астана мен Алматыда әлеуметтік инфрақұрылым шамадан тыс жүктелген. Ал екінші жағынан, халық қоныс аударып жатқан, босап бара жатқан өңірлер бар. Алматы онсыз да өсіп келе жатқан қала, ал кейбір қалалар үшін мұндай қадам экономикалық өсімге серпін беріп, адамдардың көшіп кетпеуіне себеп болар еді», – деді экономист Марат Қайырленов.
Сонымен қатар шетелден көшіп келушілер саны да жылдан-жылға артып барады. Былтыр тек ТМД елдерінен 2218 адам тұрақты тұруға келген. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің 1073 азаматы Астананы жаңа мекені ретінде таңдаған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Есірткі саудасы: Астанада 27 жастағы қала тұрғыны күдікке ілінді