Атырауда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер жауапқа тартылды

13.07.2026 14:42

Жыл басынан бері 86 кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынған

Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін негізсіз асырған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жыл басынан бері 86 кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Сондай-ақ өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы айтарлықтай өспеген. Дегенмен жекелеген өнімдердің құны маусымдық ерекшеліктер мен логистикалық шығындарға байланысты уақытша өзгеруі мүмкін.

Қазір облыста сиыр етінің төс бөлігі 3500-3700 теңге, ал сан еті 3800-4100 теңге аралығында сатылып жатыр. Жылқы еті 3800-4000 теңге, қой еті 3000-3500 теңге аралығында.

«Бүгінде ет бағасы тұрақты. Ет өнімдері бізге Батыс Қазақстан облысынан, сондай-ақ Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы және Махамбет аудандарынан жеткізіледі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты», – деді Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Азамат Әлібаев.

Оқи отырыңыз: Шымкентте тазалық талаптарын бұзғандарға бақылау күшейіп жатыр