Бүгінде тазалық мәселесі жауапты мекемелердің жіті назарына алынды
Шымкентте қала тазалығына салғырт қарайтындар саны азаймай тұр. Сондықтан жауапты мекемелер бақылауды күшейткен. Мәселен, жыл басынан бері қоғамдық орынды ластаған 22 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жыл басынан бері тазалық талаптарын сақтамаған 22 500-ге жуық шымкенттік жауапқа тартылған. Оның ішінде 25 адам қоғамдық жұмыстарға міндеттелді. Олар белгіленбеген жерге қоқыс тастап, жасыл желекті бүлдіріп, тіпті ағаштарды заңсыз кескен. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасын талапқа сай ұйымдастырмаған лауазымды тұлғалар да жауапкершілікке тартылған.
«Әрине, жұмыс болған соң кемшілік әрдайым болады. Ол бағытта прокуратура тарапынан талдаулар жүргізіліп жатыр. Талдау нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдардың немесе қандай да бір заңбұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғалардың әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылуы қамтамасыз етілуде», – деді қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Дінмұхамед Әлі.
Бүгінде тазалық мәселесі жауапты мекемелердің жіті назарында. Сондықтан құзырлы органдар экологиялық талаптардың сақталуына бақылауды күшейтіп отыр.
«Мәдениет бірден қалыптаспайды. Кейбір қоғамдық орындарда әлі де вандализм фактілері кездеседі. Қоқыс тастау деректері де бар. Қазіргі уақытта волонтерлер, жастар, қоғам белсенділері мен экоактивистер тарапынан сенбілік жұмыстарына қатысу артып келеді», – деді Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар.
Қазір қаладағы аптап ыстыққа қарамастан коммуналдық қызметтің жұмысы еселене түскен. Тазалыққа жауапты мамандар аялдамаларды жоспардан тыс уақытта да жуып-тазалап жатыр. Ал арнайы техникалар күн батқанша көшелерді аралап, су бүрку арқылы шаңды басып, қызған асфальтты салқындатуда.
«Біз таңғы сағат 8:00-ден бастап жұмыс істейміз. Түнгі кезекшілікке де адамдар қойылады. Қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жатырмыз. Аптап ыстықта жұмыс көлемі көбейеді. Ыстық болғандықтан су шашу жұмыстарын жиі атқарамыз. Сонымен қатар шаң-тозаң болмауы үшін аялдамаларды қайта-қайта жуамыз. Гүлдер мен ағаштарды суару жұмыстары да тұрақты жүргізіледі», – деді коммуналдық мекеменің учаскелік маманы Каратмат Райымқұлова.
Жалпы, Шымкенттің тазалығын қамтамасыз етуге бірнеше мекеме жұмылған. Бүгінде әкімдік, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі, экология департаменті және қоғам белсенділерінен құралған мобильді топ тұрақты жұмыс істейді. Олар тазалықты бақылап, заңсыз қоқыс орындарын жоюмен айналысады. Сондай-ақ заң талаптарын бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізеді.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Есірткі қылмысына тосқауыл: Қазақстанда төрт контрабанда арнасы анықталды