Тәркіленген қара уылдырыққа сот-биологиялық және тауартану сараптамалары тағайындалды
Атырауда 34 жастағы әйелден бекіренің 2 келіден астам қара уылдырығы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бағалы балық түрлері мен қара уылдырықты заңсыз тасымалдауға тыйым салынған.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Бекіре – 2025» профилактикалық іс-шарасы кезінде бекіре тұқымдас балықтың қара уылдырығын заңсыз тасымалдаған әйелді анықтады. 1991 жылғы азаматша Атырау қаласындағы қонақүйлердің бірінің маңында ұсталды. Полиция қызметкерлері әйелдің қолындағы қара полиэтилен пакеттен 4 пластикалық ыдысқа салынған бекіре тұқымдас балықтың қара уылдырығы табылды. Қара уылдырықтың салмағы – 2 келі 6 грамм", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тәркіленген қара уылдырыққа сот-биологиялық және тауартану сараптамалары тағайындалды.
"Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі", - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Оқи отырыңыз: Астанада екі ер адамнан 270 келіден астам есірткі мен тапанша тәркіленді