Атырауда 1,5 жастағы сәбиді ұрып-соққан тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды

06.08.2026 19:08

Сұмдық жағдай қаладағы жекеменшік балабақшада болған

Атыраудағы бөбекжайлардың бірінде тәрбиеші бір жастан асқан баланы сабап тастаған. Сорақысы, ол бүлдіршінді бір апта ішінде бірнеше рет ұрып-соққан. Немересінің қолындағы тістің ізін және құлағындағы жарақатын байқаған әжесі бірден дабыл қаққан. Қазір полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Бұл сұмдық жағдай қаладағы жекеменшік балабақшада болған. Тәрбиешінің бір жарым жастағы бүлдіршінге күш көрсеткені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда балабақша қызметкерінің баланы қолынан сүйреп, ұрып, мойнынан тартып жатқаны анық көрінеді.

«Баламды қорлаған. Сүйреген, тұншықтырған. Дәретханаға апарған, бірақ ол жерде камера жоқ, сондықтан не істегенін білмеймін. Басын соқты ма, білмеймін. Қолтығынан ұстап алып, кабинеттен кабинетке сүйреп жүрген. Кішкентай баламды жерге лақтырған. Үйге әкелгенде қолының тістелгенін, кішкентай құлағының тырналып қалғанын көрдік», – деді баланың анасы Жазира Ғабиден.

Баланың денесіндегі жарақатты бірінші болып әжесі байқапты. Сөйтіп бірден балабақшадағы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуді талап еткен. Осылайша, болған жайтқа көз жеткізген. Ал тәрбиешінің бұған дейін де сотты болғаны анықталған.

«Түні бойы бала ұйықтаған жоқ, шошып қалды. Адамды жұмысқа қабылдағанда бұрын сотты болған-болмағанын тексермей ме? Олар 2024 жылғы емес, ескі құжатты тапсыра салған. Тәрбиеші де, балабақша директоры да жауапқа тартылуы керек. Өйткені оны жұмысқа қабылдарда дұрыс тексермеген. Біздің талабымыз – осы балабақшаның басшылығынан бастап барлық жауапты тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті жауапкершілікке тартылуы», – деді баланың әжесі Мейрамгүл Құттықбаева.

Бөбекжай қызметкерлері тәрбиешінің бұрын сотты болғанын білмегенін айтты. Сондай-ақ олар осы уақытқа дейін оның мұндай әрекетін байқамағанын жеткізді.

«Тәрбиешінің бұған дейін ондай қылықтарын байқаған жоқпыз. Жұмысқа кіргеніне екі ай болды. Балабақшаны енді ғана ашып жатқандықтан қызметкер іздедік. Ол кісіні бұрын танымайтынмын. Сотты болғаны туралы құжатқа қатысты біздің тараптан қателік кетті, бізге ескі анықтама тапсырылған. Ата-анасынан кешірім сұраймыз. Бұл жағдайды кеше ғана білдік. Балаға қажетті көмекті толық көрсетуге дайынбыз», – деді жекеменшік балабақшаның директоры Нағима Аманқосова.

Қазір полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Құқықбұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Ал жәбірленуші тарап енді тек тәрбиешінің ғана емес, балабақшадағы барлық жауапты тұлғаның қызметтен босатылып, заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, "Алматы" телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Марқұм Нұрай Серікбайға қатысты желіде жағымсыз пікір жазған тұрғын жауапқа тартылды