былтыр осы кезеңде 511 жұп заңды ажырасқан
Биыл Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына некені бұзу туралы 1 400-ден астам талап арыз түскен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 пайыз көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жыл басынан бері 1 214 іс қаралып, 592 ерлі-зайыптының некесі бұзылған. Қазір тағы 361 іс сот өндірісінде жатыр.
Сот мәліметінше, ажырасуға өтініш білдірушілер көбіне мінездерінің жараспауын, отбасындағы жанжалдарды, алкогольге тәуелділік пен құмар ойын сияқты себептерді алға тартады.
Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әсел Амантайдың айтуынша, сотта ең алдымен тараптарды татуластыруға басымдық беріледі.
"Сот отырысының басында тараптар медиатордың көмегімен өзара келісімге келіп, татуласып жатады. Мұндай жағдайда талап қоюшы талабын қараусыз қалдыру туралы өтініш береді. Соған сәйкес процессуалдық шешім қабылданып, іс қараусыз қалдырылады. Биыл 76 талап арыз қайтарылды, ал 432 іс қараусыз қалдырылды", — деді судья.
Былтыр 415 іс бойынша ерлі-зайыпты өзара келісімге келіп, отбасын сақтап қалған. Ал былтыр осы кезеңде 511 жұптың некесі заңды түрде бұзылған.
Оқи отырыңыз: Заңсыз ойын бизнесін насихаттау: Маха.dxb атты блогер халықаралық іздеуге жарияланды