Атырауда егеуқұйрықтар кәріз құбыры арқылы пәтерлерге кіре бастаған

30.10.2025 18:51

Кеміргіштермен алысып, есі шыққан жұрт жауаптылардан көмек сұрайды

Атырауда егеуқұйрық қаптады. Зиянкестер кәріз құбырлары арқылы пәтерлердің ішіне дейін кіріп, жан-жақты кеміре бастаған. Тұрғындар үй ішінде емін-еркін өріп жүретін кеміргіштерден үрейленіп, олармен күресіп шаршадық дейді. «Кілем мен жиһаздарды айтпағанда, өзімізді тістеп, жем қылатын болды» деп дабыл қағып отыр. Егеуқұйрықтармен алысып есі шыққан жұрт жауаптылардан көмек сұрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Бұл - Нұрсая ықшамауданы тұрғындарының жанайқайы. Тықыр еткен дыбыстан әбден шошынып қалған олар пәтерлерге емін-еркін еніп алған егеуқұйрықтан қалай құтыларын білмей дал. Үй ішінде қаптаған кеміргіштер кілем, жиһаздың түгін қалдырмапты. 

«Қаптап кетті. Бүкіл диван, кілемді кемірді. Балаларымыз үшін де қорқып отырмыз. Өйткені вирус тарауы мүмкін. Қайдан келгенін білмейміз. Масқара ғой», - дейді қала тұрғыны Динара Орынтай.

Жалпы жыл басынан бері санэпидемиология департаментіне оннан аса шағым түскен. Мамандар расымен зиянкестен келер қауіп көп дейді.

«Бұл кеміргіштер әртүрлі ауру таратуы мүмкін. Оның ішінде оба, листериоз сияқты жұқпалы аурулардың түрі көп. Ішек аурулары да тарауы мүмкін. Тұрғындар тарапынан және коммуналдық шаруалық тарапынан шаралар атқарылуы керек. Тұрғындар дәлізге қоқыс тастамауы керек. Өз айналасындағы тесіктерді, саңылауларды бітеуі керек. Бетон алаңдары қоршалуы керек», - деді Атырау облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақова.

Бірақ шенеуніктер кеміргіштердің көзін жоюға асығар емес. Олар Тұрғын үй заңнамасына сәйкес улау жұмыстарына ПИК қызметкерлері жауапты деп бар жұмысты сонда сілтейді.

«Оларды дезинфекциялау, тазарту жұмыстары, дератизациялау жұмыстары, кеміргіш жәндіктерге қарсы улау жұмыстарының барлығын пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, атқарылуы тиіс», - деді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Енді эпидемиологтар қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйлерге, демалыс орындарына дәрі шашып тазалау жұмыстарын жүргізбекші. Десе де, мамандар тұрғындарды тазалықты қатаң сақтауға шақырып отыр. 

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ауру малды сойған: Түркістан облысында сібір жарасы тіркелді