Биыл облысқа 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспары бар
Соңғы 4 жылда Қызылорда облысына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймаққа жұмыс сапарымен барған Президентке есеп берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдымен «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалы таныстырылды. Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайған.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, биыл облысқа 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспары бар. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайыз екен. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, биыл құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысан іске қосылады. Қазірдің өзінде оның тоғызы пайдалануға беріліпті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
«Ауданадарда, елдімекендерде де абаттандыру, көгалдандыру, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Алдағы уақыттада да осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл менің жеке бақылауымда болатын болады», - деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Президентке шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары туралы да баяндалды. Одан кейін Мемлекет басшысы мың орынға арналған Өнер орталығына барып, облыстық симфониялық оркестрдің дайындығын тамашалады. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен де кездесіп, бірқатар мәселе бойынша пікірін бөлісіп, елді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде айтты. Суды үнемдеп пайдаланудың маңызына да тоқталды.
«Енді шын мәнінде, су тапшылығы деген өте өзекті мәселе. Баса назар аударамыз. Бірақ келешекте де су көп болады деп айтуға болмайды. Сондықтан дайындалуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын пайдалануымыз керек. Мен Жолдауымда айттым. Бұл бірінші қатарда тұрған ең өзекті мәселе», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Атырауда егеуқұйрықтар кәріз құбыры арқылы пәтерлерге кіре бастаған