Атырауда есірткіге тәуелділер көбейді: білім ордаларында скрининг басталды

21.09.2026 18:33

Қалада наркологиялық есепте 500-ден аса адам тіркеуде тұр

Almaty.tv

Атырауда есірткіге тәуелділер көбейген. Қазір наркологиялық есепте 500-ден аса адам тіркеуде тұр. Сорақысы сол, зиянды затқа сұраныс жастардың арасында да көбейіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атын атап, жүзін көрсетуден қымсынған кейіпкеріміз 14 жасынан есірткіге әуестенген. Бастапқыда жеңіл түрін байқап көріпті, кейін тәуелділігі арта түскен. Уақыт өте денсаулығы сыр бере бастаған. Атпалдай жігіт қазір өткеннен сабақ алып, есірткіден түбегейлі бас тартқан.

«Мен есірткіні алғаш рет 14 жасымда пайдаландым. Әуестіктен басталып, кейін тәуелділікке айналды. Қазір есірткіні қойдым. Өкінемін. Қазір ем қабылдап, қалыпты өмірге бейімделіп жүрмін. Мұндай жағдайға тап болуыма ортам әсер етті», – деді қала тұрғыны Александр.

 Атырауда наркологиялық есепте 2 мың 481 адам тұр, оның 537-сі есірткіге тәуелді. Сегіз айда зиянды заттың заңсыз айналымына байланысты 91 құқық бұзушылық анықталып, 62 қылмыс тіркелген. Қазір есірткіге тосқауыл қою және оның алдын алу мақсатында жаппай скринингтеу шарасы басталған.

«Қазір әртүрлі синтетикалық наркотиктер жастардың арасында көп тарап кетіп жатыр. Қыркүйек айынан бастап, мектептерде, колледж, универлерде жасөспірімдер арасында наркоскринг өткізуді бастап кеттік. Осы арқылы жасөспірімдердің ағзаларында қандай наркотик бар-жағын анықтаймыз», – деді дәрігер-нарколог Темір Есенкелді.

Есірткі қылмысының алдын алу бағытында жыл басынан бері 608 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар есірткі сайттарын жарнамалайтын 80 граффити жойылып, тұрғындарға 3200 ақпараттық брошюра таратылды. Ал әлеуметтік желілер арқылы есірткі саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан топ анықталып, 8 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Елімізде декреттік демалыс тәртібін өзгерту ұсынылды

Толық көрсету