Қазақстанда ұл балаларға да папиллома вирусына қарсы екпе салынады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы 2027 жылдан бастап жүзеге асыруды жоспарлап отыр,
Айта кетейік, елімізде адам папиллома вирусына қарсы вакциналау 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүргізіліп келеді. Бұл екпе алдымен қыз балаларға енгізілген болатын.
Адам папиллома вирусы қаншалықты қауіпті? Вирус жұққан жағдайда ағзада қандай өзгерістер болады?
Осы және өзге де сұрақтарға студия қонағы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Мадина Орысбаева жауап береді.
– Мадина ханым, алдымен осы вирус жайлы айтып өтсеңіз. Ол жұққанда ауру қалай өрбиді?
«Адам папиллома вирусы әлемде кең таралған вирустың түріне жатады. Оның 200-ден астам түрі бар, соның ішінде 14 түрі онкогенді болып саналады. Вирусты жұқтырған жағдайда ағза өздігінен де емделіп шығуы мүмкін, бірақ онкогенді түрлері жасушаларды зақымдап, кейіннен қатерлі ісікке де әкеліп соғуы ықтимал. Адам папиллома вирусы көбінесе жатыр мойны обырымен байланыстырылады. Сондықтан да оның алдын алу – басты мақсат».
– Неліктен 11 жастағы ұл балаларға вакциналау енгізу туралы шешім қабылданды?
«Қазақстанды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, 2027 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы ұл балаларды да вакцинациялау қарастырылған. Бұл вирус тек әйел адамдарда ғана емес, ерлерде де қатерлі ісік ауруларына себеп болуы мүмкін. Екіншіден, ұл балаларды еккен жағдайда вирустың популяцияда таралуын едәуір азайтамыз. Бұл өз кезегінде болашақта қатерлі ісік көрсеткішін төмендетеді. Бүгінде әлемде 165 ел бұл вакцинацияны күнтізбеге енгізсе, оның 87-сі ұл балаларды да қыз балалармен қатар қамтып отыр».
– Жалпы қанша адамға екпе салу жоспарланған? Бұл ерікті түрде ме?
Оқи отырыңыз: Елімізде декреттік демалыс тәртібін өзгерту ұсынылды«Вакцинация басқа екпе түрлері секілді ата-ананың немесе заңды өкілдің ақпараттандырылған келісімінен кейін ғана жүргізіледі. Тұжырымдамаға сәйкес жасалған есептеулер бойынша, жыл сайын 190 мыңнан астам ұл балаға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынуы тиіс».