Атырауда ірі мұнай компания қызметкерінің денесі табылды

Күдікті қамауға алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда ірі мұнай компаниясының қызметкерін өлтіріп кетті. Полиция марқұмның денесін өз пәтерінен тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марқұм Атыраудағы мұнай компаниясында 20 жылдан бері қызмет еткен. Бірнеше ірі жобалардың басы-қасында жүріпті. Әйел туралы анық ақпар білейін деп, сұрау салған ек, марқұмның жақындары мен әріптестері қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.

Айта кетейік, қайғылы жағдай тіркелген «Француз квартал» тұрғын үй кешенінің тұрғындары сұмдық оқиғадан әлі ес жинай алмай жүр.       

«Қатты қорқып кеттік. Есікті ашық қалдырмайтын болдық.  Әлі есімді жинай алмай тұрмын. Бүгін тынышталды, қылмыскер ұсталды деп жатыр. Бірақ қайтыс болған келіншекті де, қылмыскерді де танымаймыз», – деді қала тұрғыны Руслан Алмаханов.

Ал құзырлы орган өкілдері аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды деп қысқа қайырды.

«1979 жылы туылған әйелді тұрғын үйде өлтірген 1987 жылғы күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды. Күдіктіден затты айғақтар табылып, тәркіленген. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабының 2-бөлігі, яғни адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов.

Құзырлы орган өкілдері көпшілікті алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге, әрі жалған ақпарат таратпауға шақырады. Ал 46 жастағы келіншектің денесі 2 мамырда жер қойнына тапсырылмақ. 

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Шымкентте әйелін өлтірген ер адам ұзақ жылға сотталды

Новости партнеров