Атырауда бірнеше күннен бері халық жарық, жылусыз отыр

Табиғи апат салдарынан бірқатар тұрғын үйдің қасбеті зақымдалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда бірнеше күннен бері дүлей дауыл соғып, халық жарық, жылусыз қалды. Сорақысы, екпінді жел қаланың инфрақұрылымына зақым келтірген. Аурухана мен көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшып, жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алай-дүлей боран соңғы екі күнде жұртты зәрезап қылды. Табиғаттың тосын мінезінен жұрт қорқып қалған. Қатты жел салдарынан қираған көлік көп. Әп-сәтте тас-талқан еткен дауыл аурухананың шатырын жұлып әкетіп, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін құлатқан.

Полицейлер де аяғынан тік тұрып, тәулік бойы кезекшілікте жүр. Мамандар  жолда қалған жүргізушілер мен шетелдік азаматтарға көмектесіп жатыр. Ауа райына байланысты бірқатар тас жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Ал  оқушылар қашықтан оқуға көшті. Аудандардағы жағдай да бақылауға алынды.

«Нысанның шатырлары сыртқы қаптамаларының құлауы бойынша ақпарат тіркелді. Адамдардың қаза тапқан жарақат алғандары туралы ақпарат болған жоқ.  Үш республикалық маңызы бар және екі облыстық маңызды автокөліктің жолы жабылды. Уақытша посттар ұйымдастырылып, сақшылармен бірге төтеншеліктер кезекшілік атқарды. Ал Махамбетте бір бақташы жоғалған еді, табылды», – деді Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов.

Қатты жел қаладағы Береке, Сарыөзек және Индер ауданы мен 4 ауылдық округті тұтастай қараңғыда қалдырған. 105 нүктеде электр жарығының сөнуі тіркелген. Бұған 40 бригада жұмылдырылып, қазір жағдай тұрақталды.

«Қалада, Сарыөзек, Береке, Атырау ықшамаудандарында әуе желілері қайта-қайта сөніп, заңды тұлғалар трансформаторындағы тоқ желілері жанып кеткен. Береке ауылындағы 7 қожалықта жарық ажырап тұр», – деді  «Атырау жарық» ЖШС басшысы Мейірбек Ғұбашев.

Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы таңнан бері жағдайды бақылауға алып, шығын көлемін есептеп жатыр. Ал бүлінген 20 нысанның қасбеті мен шатырларын қайта жаңарту басталды. Синоптиктер алдағы күндері ауа райы біртіндеп тұрақталып, желдің жылдамдығы бәсеңдейді деп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал қандай – министр жауабы

Новости партнеров