Атырау облысы Қызылқоға ауданында әкесін ұрып-соғып, қорлық көрсеткен азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. 89 жастағы ақсақалдың айтуынша, туған ұлы 15 мың теңге үшін озбырлық танытып, әбден қинаған. Тіпті тәулік бойы ас-су бермей, қамап қойыпты. Әкесіне қол көтерген азамат құзырлы орган саласында жұмыс істеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қорғансыз қарияның қол-аяғын байлап, бет-аузын көк ала қойдай қылып сабап, басын жарған жігіттің қатігездігі дүйім елдің жағасын ұстатты. 90-ға жақындаған ақсақалдың айтуынша, туған ұлы үйге қамап, адам төзгісіз жағдайда ұстаған. Қатты соққыдан денесі көгеріп, жарақат алған. Бар болғаны 15 мың теңге үшін қорлық көрдім деп отыр.
«Мені ұрып, жығып талдырып түсірді де, қылқындырды, ішке сүйреді. Паспортым мен карточкам бәрі түсіп қалды. Әйелі жинап алды ғой, әлі берген жоқ. Маңдайымнан аямай ұрды. Түнгі бірде, талып қала жазддым. Жалпақ скотчпен байлады. Басымнан ұрды, екі сағат сайын ұрды. Сол 15 мың теңгенің әңгімесі», – деді Қызылқоға ауданының тұрғыны Әділхан Сисенов.
Бауыр еті баласынан оңбай таяқ жеген қарт ақыры түнгі уақытта терезе арқылы қашып шығып, қарындасының үйін паналаған. Туғанының адам шошырлық жағдайға түскенін көрген ол бауырының бұған дейін де қорлық көргенін айтады.
«Есікті кілттеп, терезенің тұтқасын жұлып алған, таңертеңнен бері дым ішпеген, су, сұраса бермеген. Екі сағат сайын келіп жұдырығымен маңдайынан ұрыпты. Масқара әкесі баласын ұратын, ал баласы әкесін ұрғанды бірінші рет көрдім. Өткенде бетіне түкірді деді, үндемедік. Былтыр да сабапты», – деді Қызылқоға ауданының тұрғыны Кенжетай Сисенова.
Полиция аталған оқиға бойынша «ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғады.
«19 маусымда ұрып-соғу бойынша қылмыстық іс қозғалса, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән жайын жан жақты толық және обьективті анықтау бағыттылығын қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге де ақпарат тергеу мүддесіне сай, жарияланбайды», – деді Полиция департаменті Анықтау басқармасы аса маңызды істер жөніндегі анықтаушысы Дархан Бұлжанов.
Қорлық көрген әкенің айтуынша, кенже ұлы бұрын полиция қызметкері болып жұмыс істеген. Енді бұл істі оның таныстары жауып тастай ма деп қорқып отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз қоқыс үйінділерімен күресуге арналған цифрлық платформа таныстырылды