Құжатта психологтардың жұмысын реттеу, қызмет сапасын арттыру және азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау туралы жазылған
Қазақстанда коучтардың дәурені бітті. Енді дипломы жоқтар өзін «психолог» деп атай алмайды. Олардың қызметіне тосқауыл қойылады. Бүгін Сенат тиісті заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Құжатта психологтардың жұмысын реттеу, қызмет сапасын арттыру және азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау туралы жазылған. Депутат Әсем Рахметова заң психологиялық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге, кәсіби этика талаптарын сақтауға және мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді дейді. Сондай-ақ сенатор олардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейетінін жеткізді.
«Атап айтқанда, кәсіптік стандарт енгізіліп, мамандардың даярлық деңгейіне, кәсіби құзыреттеріне және біліктілігіне нақты талаптар белгіленеді. Сонымен қатар психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова.
Заңда психологтардың мемлекеттік тізілімі жасалатыны жайлы да жазылған. Оған дипломы және халықаралық сертификаты бар мамандар ғана тіркеле алады. Мұндай ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі айтты. Сөзінше, егер халықтан оның жұмысына қатысты шағымдар түсетін болса, ақшасын алып сапалы қызмет көрсетпесе, ол психолог реестрден шығарылады. Ербол Тұяқбаев кез келген адам дерекқорға кіріп, маманның білімі, жұмыс өтілі туралы ақпарат ала алатынын айтты. Сондай-ақ құжатта психолог құпияны сақтамаса, қызметін кәсіби деңгейде атқара алмаса, жауапкершілікке тартылатыны туралы да жазылған.
«Жасаған заң бұзушылыққа байланысты анықталады. Ол қылмыстық та болуы мүмкін. Ол әкімшілік те болуы мүмкін. Қылмыстық егер осы жағдай ауыр жағдайларға алып келетін болса, нәтижесінде біреу зардап шексе оны қылмыстық жауапқа құқық қорғау органдары тарта алады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев
Оқи отырыңыз: Атырауда әкесін ұрған бұрынғы полицейге іс қозғалды