Атыраудағы қыздар төбелесіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

25.09.2025 18:15

Оқиға қаладағы саябақтардың бірінде болған

Атырауда кәмелетке толмаған қыз бала қатарлас құрбысын көптің көзінше аямай ұрып тастады. Жағдай қаладағы саябақтардың бірінде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қыздардың арасындағы төбелесті өзге студенттер камераға түсірген. Бейнежазбада бойжеткен құрдасының беті мен ішінен соққылап, аяқпен бірнеше рет төмпештеп тепкен. Қыздар арасындағы жанжалға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Анығы олар қаладағы Сервис колледжінің студенттері екен.

Полиция мән-жайды анықтауға кірісті. Қазір ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.  

«Құқық бұзған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылып, мәселе кәмелетке толмаған істер жөніндегі комиссия қаралуына жіберіледі. Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі мен мінез-құлқына айрықша мән берулеріңізді сұраймыз. Олардың бос уақытын қалай өткізетінін, айналасындағы достарына және психологиялық жағдайына үнемі көңіл бөліңіздер!» - деді қалалық полиция басқармасының №1 ҚПБ бастығы Жандос Садиров.

Оқи отырыңыз: Қылмыс пен суицидтің алдын алу: Алматыда прокурорлар оқушылармен кездесті