Медеу ауданында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 12 қылмыстық дерек тіркелген
Биыл жыл басынан бері Алматының Медеу ауданында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 12 қылмыстық дерек тіркеліпті. Сондай-ақ 4 суицид фактісі мен есірткі таратуға қатысты 12 оқушы полиция назарына іліккен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Статистика құзырлы орган өкілдерін алаңдатып отыр. Осыған байланысты Медеу ауданы прокуратурасының бастамасымен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, буллинг пен суицидтің, сонымен бірге есірткі саудасының алдын алуға бағытталған ауқымды кездесу өтті.
Жиында жауапты сала мамандары оқушылардың құқықтық және психологиялық сауатын арттырып, білім ордасындағы қауіпсіздікті нығайту үшін өзекті мәселелер көтеріліп, дәріс оқылды. Оқушылар да пікірлерін айтып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.
«Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – біріншіден, еліміздің тұғырын, тамырын нығайтатын болашақ азаматтарымыздың, оқушылармыздың өмір сапасын арттыруға аз да болсын үлес қоссақ дейміз. Оларға суицидке, буллингке, есірткіге қарсы төтеп беру жолдарын жеткізу – біздің басты міндетіміз», - деді Медеу ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда ұлттық құндылықты дәріптеген әкелер байқауы өтті