Зарарсыздандыру жұмыстарына бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, арнайы тендер жарияланды
Атырауда биылғы маса улау науқанында заманауи технологиялар қолданылмақ. Мамандар адам аяғы баса алмайтын, батпақты және жетуі қиын аумақтарды дрондардың көмегімен зарарсыздандыруды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл мақсатта дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу үшін екі бөлек тендер ұйымдастырылып, қазынадан 200 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында тиісті конкурс жарияланып, мердігерлер анықталуда. Зиянкестермен күрес шаралары тек қала ішінде емес, сонымен қатар шаһар маңындағы алты ауылдық округте де қатар жүргізіледі.
«Мердігерге қойылатын басты талап – арнайы техниканың болуы және бірнеше топтан тұратын мобильді бригадалардың жасақталуы. Жұмыстар демалыс күндері мен түнгі уақытта да үздіксіз жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, қолданылатын препараттар адам өміріне мүлдем зиянсыз, тек масаларға қарсы бағытталған болуы шарт», – деді қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Кариполлаев.
Жауаптылардың айтуынша, бұл әдіс жұмыс өнімділігін арттырып, қала тұрғындарының жазғы маусымда жайлы демалуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы