Отандық қатерлі ісікке қарсы дәрінің бағасы 20 мың теңгеден аспайды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек препараттың клиникалық сынақтары мен құрамы туралы мәлімет берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда әзірленіп жатқан қатерлі ісікке қарсы жаңа препараттың құны 15-20 мың теңге аралығында болмақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, отандық өнімнің өзіндік құнының төмен болуы құрамындағы компоненттердің қолжетімділігіне байланысты. Препарат негізінен глюкоза мен арнайы қышқылдан тұрады. Министр қазіргі таңда бірінші клиникалық сынақтың сәтті аяқталғанын, оған 30-ға жуық пациент қатысқанын атап өтті.

«Препараттың өзіндік құны шамамен 15-16 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта біз қажетті қышқылды (арсеникті) шетелден сатып алып жатырмыз, ал глюкозаны өзіміз шығарамыз. Егер қышқыл өндірісін де ел ішінде жолға қойсақ, дәрінің бағасын 10-12 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Жалпы алғанда, оның құны 15-20 мың теңгеден аспайды», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, жаңа дәрі әсіресе асқазан мен ішкі ағзалардың қатерлі ісігіне қарсы жоғары тиімділік көрсеткен. Қазіргі уақытта клиникалық зерттеулердің екінші кезеңі басталды. Сынақ базасы Алматыдан Астанаға ауыстырылып, алдағы уақытта тағы бірнеше өңірді қамту жоспарлануда. Препаратты жыл соңына дейін ресми тіркеуден өткізу көзделген, содан кейін ғана емдеу мекемелері оны тәжірибеде қолдана алады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров