Атырауда мүгедектігі бар жандар жұмыссыз қалуы мүмкін

02.10.2025 19:54

Үкіметтік емес ұйым өкілдері уақытша жұмыспен қамту шарттарына енгізілген өзгеріске қарсы шықты

Атырауда бір топ үкіметтік емес ұйым өкілдері шу шығарды. Айтуларынша шенеуніктер бұл ұйымдарды коммерциялық мекемелермен теңестіріп жіберген. Салдарынан мемлекеттік бюджет арқылы жалақы алып, еңбек ететін азаматтар жұмыссыз қалуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен жиналған отыз шақты үкіметтік емес ұйым өкілдері уақытша жұмыспен қамту шарттарына енгізілген өзгеріске қарсы шықты. Олардың айтуынша, бұған дейін ұйым жұмысшылары мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға еңбек етіп келген. Енді бұл қаржы штат бірлігінің тек он пайызына ғана берілмек. Бұл жаңашылдық әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиімсіз болып отыр. Мәселен, сондай бірлестіктердің бірі қазір тек үш адамды тұрақты жұмыспен қамтуына тура келеді. Ал қалған азаматтарды енген өзгеріске сай қабылдай алмайды.

«Заңның бір қателігі мемлекеттік мекемелерді қаржысы бар мекемелермен теңестіріп жіберген. Мүгедектігі бар жандардың мәселесімен айналысып отырған үкіметтік емес ұйымдарды сол заңнан шығарып тастау керек. Ауылдық жерлерде мүгедектер бар. Мысалы, 1500 халық тұратын ауылда екі-үш дүкені бар, әкімшілігі бар жердегі адамдар қайда барады? Қалай күн көреді?», – деді қала тұрғыны Асхат Кәрім.

Жиналғандардың талап-тілегі бір. Олар енген өзгерістер қайта қаралуы тиіс деп санайды. Әрі қоғамдық ұйымдарға жұмысшылар жетіспейді деп отыр.

 «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінде тек әжелер бар. Біз мектеп пен колледждерде шеберлік сағаттарын өткіземіз. Сондай кездерде әжелер қажетті құрал-жабдықтарды көтеріп жүре алмайды. Сондықтан әрбір қоғамдық ұйымға қосымша жұмысшылар керек. Міндетті түрде кем дегенде 1-2 адамды беру керек» – деді қала тұрғыны Шахарман Ерсейітова.

Ал  шенеуніктер даурығуға негіз жоқ деп отыр. Өйткені бюджеттен қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарын тұрақты етуге басымдық беріп отыр. Мұндай өзгеріс жалған жұмыс орындарының құрылмауы үшін жасалып жатқан көрінеді.

«Өзгерістер енгізудің негізгі себебі – штат бірлігінің 10 пайыздық мөлшерінде уақытша жұмыс орындарына ғана өтінім бере алатындығы. Яғни, 100 адам болатын болса, тек үкімет қаржыландыратын уақытша жұмыс орындарына 10 адам ғана ала алады. Осыған дейін мұндай шектеулер мемлекет тарапынан болған жоқ. Келіспеушілік осы негізде туындауда. Сондықтан біздер ең бірінші қаржыланатын уақытша жұмыс орындарын, тұрақты жұмысқа басымдық беру», – деді  облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев

Жауаптылар қазір тиісті министрлікпен жан-жақты талқылау жүріп жатқанын жеткізді. Ал жиналғандар мәселе шешілмейінше тынбаймыз деп бекініп отыр.

Оқи отырыңыз: Сұйытылған газ тапшы: Ақтөбедегі бекеттерде ұзынсонар кезек пайда болды