Атырауда ортағасырлық күміс тиындар табылды

25.07.2025 14:50

Археологтар тарихи жәдігерді «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықталды

Атырауда ортағасырлық күміс тиындар табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Археологтар тарихи жәдігерді «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықтапты. Ежелгі бұйым Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсында құйылған деген дерек бар. Бұл монеталарды ресейлік нумизматика профессоры зерттеп, бедерлі таңбаларын оқыған. Бұдан өзге, зерттеушілер қазба жұмыстары кезінде көрнекті артефакт «Тағара» ыдысын да бүтін күйінде анықтапты.

«Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Петровтың пайымдауынша, ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Оның себебі Шыңғысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасында қақтығыстарда қолға түскен саяси тұтқын Номуханмен байланыстырылады», – деді археолог Амангелді Мұғау.

«Соңғы екі-үш жылдықта бұл жерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды. Болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыруды жоспарлап отырмыз», – деді Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.

Оқи отырыңыз: IPhO-2025: Қазақстан құрамасы физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды