Мамандардың айтуынша, пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолданбау түрлі жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін
Атырауда пиротехникалық заттарды рұқсатсыз сатқандар жауапқа тартылып жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізген рейд кезінде бірнеше кәсіпкердің заңды белден басқаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен жылы мерекені тойлау кезінде ел бойынша отшашудан 63 адам зардап шеккен. Пиротехникалық құрылғы тұрғындардың көзі мен қолына зақым келтіріпті. Жарылғыш тауарды қызықтап, асыр салып жүргенде опық жеу әп-сәтте болуы мүмкін. Сондықтан төтеншеліктер қазірден түсіндірме жүргізуді бастап кеткен. Базарлар мен сауда орындарын аралап, қауіпсіздік бойынша ақпарат беріп жатыр. Жыл басынан бері осы бағытта 8 рейдтік шара ұйымдастырылып, нәтижесінде рұқсаты жоқ пиротехникалық тауарларды саудалаған екі кәсіпкер анықталды. Заң бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 147 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Жаңа жылда статистикалық мәліметтерге сәйкес сағат 24:00-ден кейін жарақат алғандар көбейеді. 24:01-де қалалық өрт сөндіру бөлімдеріне шақырту хабарламсы түседі. Көппәтерлі тұрғын үйлердің балкондарында өрт шығады», – деді қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Сәбит Борашев.
Мамандардың айтуынша, пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолданбау түрлі жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты дәрігерлер жаңа жыл түні от шашуларды пайдаланғанда аса мұқият болуға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын сақтамай қолдану күйік пен түрлі жарақаттарға себеп болуы ықтимал. Сәті түскенде пиротехниканы сатып, қалтаны қампайтамын деген кәсіпкерлерге де талап қатаң. Мұндай тауарды арнайы сертификатсыз өткізуге заң шектеу қояды.
«Былтыр тексеріс барысында ҚР 146-бабымен 40-қа жуық әкімшілік хаттама толтырылып, тәркіленген 50 данаға жуық сертификатталмаған отшашу арнайы қоймаға тапсырылды. Осы күнге дейін 4 хаттама толтырылып, Әкімшілік полиция басқармасына жеткізілді, 10 дана отшашу заңсыз, тіркелмеген», – деді қалалық ПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің инспекторы Арон Кенжебеков.
Мерекені халықтың дені тойласа да, тыныштық бұзған үшін де жауапкершілік көзделген. Мәселен өткен жаңа жылда тұрғындар шағмынан кейін отшашу атқан атыраулық 2 тұрғынның әрекеті әкімшілік сотта қаралған.
Оқи отырыңыз: «Жалған үлескерлердің» заңсыз әрекеті әшкереленді