Атырауда полиция қызметкері жанып жатқан үйден тұрғындарды аман алып қалды

05.08.2026 19:32

Электр желісіне тиіп тұрған ағаш бұтақтары тұтанған

Періштесі қақты. Атырауда қызыл отты байқаған полиция қызметкері жедел әрекет етіп, тұрғындарды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Белгілі болғандай  Махамбет Өтемісов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласынан өрт шыққан. Нақтырақ айтсақ, электр желісіне тиіп тұрған ағаш бұтақтары тұтанған. Сол сәтте көшеден өтіп бара жатқан ювеналды полиция тобының инспекторы Максим Досқалиев шұғыл әрекет етіпті. Ол төтеншеліктер жеткенше өз өмірін қауіпке тігіп үйдегі адамдарды құтқарып, тілсіз жауды да ауыздықтаған. Осындай жедел әрекеттің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің себеп-салдары анықталып жатыр. Оқиғаның жәй-жапсары арнайы тексерістен соң белгілі болмақ.

«Мен қызметтен кейін жеке шаруаммен кетіп бара жатқанмын. Сол кезде үйлердің бірінің ауласында ағаштың жанып жатқанын байқадым. Бірден үй тұрғындарын сыртқа шығарып, қауіпсіз жерге эвакуацияладым. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай әрекет ету өте маңызды. Полиция қызметкері үшін адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында. Жауапкершілікті тек қызметте жүргенде ғана емес, кез келген жағдайда сезінеміз», – деді қалалық ПБ ювеналды полиция тобының инспекторы Максим Досқалиев.

Оқи отырыңыз: Жолдағы тәртіп бақылауда: Алматыда екі күндік рейд қорытындысы жарияланды