Бөгет тұрғызған кәсіпкерге әкімдік ақша төлемеген
Атырауда былтыр су тасқыны кезінде облысты апаттан сақтап қалуға атсалысқан кәсіпкер әлі күнге дейін тиесілі 625 млн теңгесін ала алмай жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сот табалдырығын тоздырып, сандалған ол тасқын кезінде Соколок каналына 16 шақырым бөгет соғу үшін жүздеген адам мен 50-ден аса техникасын жұмылдырған. Ал әр бөгеттегі шақырымға 39 млн теңге төленуі тиіс еді. Бірақ жұмыс аяқталған соң, жергілікті әкімдік соқыр тиын да бермеген.
«Біз күн-түн демей еңбек еттік. Бұл жұмыстарға өзіміздің 48 техникамызды толық жұмылдырдық. Сонымен қатар экскаватор, жүк тиеуші, самосвал сияқты арнайы техникаларды қосымша жалға алдық. Жұмыс қарқынды жүрді. Жанармай мен жұмысшылардың тамағына дейін барлығы өз қаражатымыздан қамтамасыз етілді”, - деді кәсіпкер Әсемғали Қуанышев.
Әу баста тараптар келісім жасап, құжатқа қол қойған көрінеді. Бұдан кейін кәсіпкер барлық техникасын шығарып, өз қаражатына жұмыс істепті. Кейіннен іс созылып, әкімдікпен соттасуға мәжбүр болған. Бұған дейін қалалық сот істі кәсіпкердің пайдасына шешіп беріпті. Бірақ әкімдік ол шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағым түсірді.
«Соколок каналы бойында 5 компания жұмыс істеді. Олардың төртеуі демеушілікпен тегін жүрген. Шағым айтқан кісілер келісімшартта бөгетке қажетті топырақ 15-20 шақырымдағы карьерден тасымалданды деп көрсеткен. Ал шындығында, оны 500 метр жерден алған. Сондықтан біз соттың шешімін күтеміз», - деді Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Жан Досқалиев.
Оқи отырыңыз: "Лабубу" балаға қауіпті ме: мамандар трендке айналған қуыршаққа қатысты ескерту жасады