Атырауда суға құлап кеткен жасөспірім табылмады

05.05.2025 19:57

Оқуда озат, әрі спорт шеберіне үміткер Әлішер – колледждің 2 курс студенті

Атырауда суға құлап кеткен жасөспірім әлі табылмады. Екі күн бұрын із-түссіз кеткен 17 жастағы Әлішер Көжікті іздеуге күштік құрылымдар мен ауыл жұрты атсалысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Суға кетті деген Әлішер Көжіктің туыстарының айтуынша, ол досымен бірге Жайық жағасына серуен құруға барған. Қайыққа жанармай құямын деген жеткіншек абайсызда суға құлап кеткен. Жанындағы досы қол ұшын созуға тырысқанымен, ағысы қатты су ырық бермеген.

 «Қайықпен жүзген, жас балалар болған соң қызық көрген. Ортада айналып, трюк жасағысы келген болар. Қайықты қатты бұрған кезде құлап кеткен. Төтеншеліктер барынша қолғабыс етіп жатыр, бірақ қайық керек», – деді Ә. Көжіктің туысы Есенжан Жолдасқали.

Ағыны қатты Жайықтың суын кешкен төтеншеліктер жеткіншекті екі тәуліктен бері таба алмай отыр. Сүңгуірлер тереңдігі 5 метрге дейін жететін өзенді бірнеше рет сүзіп шығыпты, тіпті моторлы қайық пен арнайы техника да күндіз-түні іздеп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ.

«Облыстық төтенше жағдай департаментінен 39 құтқарушы, 12 жүзу құралы 9 техника жұмылдырылды. Бұл бала кеудеше кимеген, жүзу білмейді. Сондықтан осындай жағдай орын алып отыр. Су айдындарында сақтық шараларын ескерген абзал. Ең алдымен құтқару кеудешесін киюі тиіс. Сонымен бірге тек белгілі аумақта ғана шомылып,  балық аулауға рұқсат», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дарын Әнуарбеков.

Оқуда озат, әрі спорт шеберіне үміткер Әлішер – колледждің 2 курс студенті. Ұстаздары соңғы рет оны жаттығу залынан көргенін айтады. Жеткіншек сондай-ақ жақында Батыс Қазақстанда өтетін  халықаралық сайысқа дайындалып жүрген.  

«Жаттығуға соңғы рет 1 мамырда келді. Дайындалды. Біз алдағы жастар арасындағы турнирге дайындалып жатырмыз. Талантты, жігерлі, ақылды, мықты деп айтамын. Өзім тәрбиеледім, өсірдім. Барған барлық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Облыстық құрама команданың есебінде жүрді», – деді жаттықтырушы Нұрсұлтан Бақытжанов.

Жыл басынан бері облыста он екі адам суға кетіпті. Қайғылы жайт қайталана бермеуі үшін мамандар көпшілікті тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға шақырып отыр. Төтеншеліктер әсіресе балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Мүмкіндігі шектеулі азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген 4 адам ұсталды