Іс-шараның негізгі мақсаты - тұрғындарды зиянды әдеттерден бас тартуға шақырып, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосу
Атырауда 30-ға жуық тұрғын темекіні дәруменге айырбастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында "Темекіні дәруменге айырбаста" атты акция ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты - тұрғындарды зиянды әдеттерден бас тартуға шақырып, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосу. Акция барысында мамандар темекі мен есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастар мен қала тұрғындарына пайдалы кеңестер берді. Шара кезінде қатысушыларға темекіні дәрумендерге айырбастау ұсынылып, денсаулыққа пайдалы өнімдер таратылды. Нәтижесінде 30-ға жуық қала тұрғыны темекіден бас тартып, зиянды әдеттен арылуға ниет білдірді. Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісовтің айтуынша, мұндай акциялар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсер етеді.
"Біздің мақсатымыз - тұрғындарға зиянды әдеттердің денсаулыққа тигізетін зардабын түсіндіріп, қоғамды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Осындай акциялар арқылы жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың болашағына бейжай қарамау маңызды", - деді Айбол Ідірісов.
Ақпарат көзі Polisia.kz
Оқи отырыңыз: Елімізде жұмысқа қабылдау кезінде қосымша құжат енгізілуі мүмкін