Елімізде жұмысқа қабылдау кезінде қосымша құжат енгізілуі мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев дипломның күші сақталатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еңбек шартын жасау барысында кәсіби біліктілікті тану туралы құжат талап етілуі ықтимал. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл құжат дипломның орнын баспайтынын, тек маманның дағдыларын растайтын қосымша құрал болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Талқылау барысында депутат Максим Рожин жаңа норма қабылданса, техникалық және кәсіптік, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом ұсыну міндеті жойыла ма деген сауал қойды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев дипломның күші сақталатынын айтты.

Оның сөзінше, диплом арнайы білім алғанын растайтын негізгі құжат болып қала береді.

"Біз дипломның маңызын төмендетіп отырған жоқпыз. Диплом арнайы білім алғанды растайтын құжат ретінде қалады", – деді вице-министр.

Ол кәсіби біліктілікті тану туралы құжат қосымша құрал ретінде енгізілетінін түсіндірді.

"Яғни адам екі құжатты қатар ұсына алады: диплом мен кәсіби біліктілікті тану туралы құжатты", – деді Тұяқбаев.

Министрлік өкілінің айтуынша, мұндай құжат әсіресе дипломы жоқ, бірақ нақты кәсіби тәжірибесі мен дағдысы бар азаматтар үшін маңызды болмақ.

"Егер маманда диплом болмаса, бірақ өзінің кәсіби машығын дәлелдей алса, мұндай жағдайда осы құжат ескеріледі", – деді ол.

Бұл норма қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі, шаштараз қызметі және басқа да сервистік бағыттарда жиі қолданылуы мүмкін.

Вице-министр кәсіби біліктілікті тану туралы құжат дипломнан бас тарту дегенді білдірмейтінін тағы да атап өтті.

"Диплом негізгі құжат болып қалады, ал бұл – қосымша құрал ғана", – деп түйіндеді Тұяқбаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұшқышсыз көлікке қатысты жаңа түзетулер қабылданды

Новости партнеров