Атырауда жалған шот-фактура арқылы ақша заңдастырғандар сотталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Осының салдарынан мемлекетке 590 млн теңгеден астам салық төленбей қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау қаласының соты жалған шот-фактуралар мен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға байланысты экономикалық қылмыстарды жасаған адамдар тобына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жүргізді.

Тергеу нәтижесінде А.С. Тұяқбаевтың басшылығымен, сондай-ақ С.А. Арғалаш пен А.С. Болатовтың қатысуымен тұлғалар тобы ұйымдасып, 8 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару схемасын құрғаны анықталды.

«Осының салдарынан мемлекетке 590 млн теңгеден астам салық төленбей, ірі көлемде залал келтірілген», - делінген ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар Тұяқбаев 342 млн теңге көлеміндегі қылмыстық кірісті бақылауындағы компаниялардың есепшоттары арқылы өзінің жұбайының жеке шотына аудару арқылы заңдастырған.

Сот санкциясымен 4 автокөлікке 2 пәтер мен бір тұрғын үйге тыйым салынды. Тергеу барысында 236 млн теңге өз еркімен өтелді.

«Сот үкімімен Тұяқбаев, Арғалаш және Болатов кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 4 айдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүлік - Атырау қаласындағы пәтер мен автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді», - делінген хабарламада.

Қалған мүлікке қатысты азаматтық талап шешілгенге дейін қамтамасыз ету шараларын сақтау туралы сот шешімі қабылданды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Әділет министрлігі алаяқтардың кезекті әрекеті туралы ескертті

Новости партнеров