Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны
Атырау облысында жоғалып, кейіннен мәйіті табылған ерлі-зайыптыны туыстары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Жаназа намазына келген халықта есеп болған жоқ. Ал марқұмдардың жақындары Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өз күйеу балалары өлтіруі мүмкін деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуынша, шетел асып кеткен күйеу бала мен қызы заңды некеде тұрмаған әрі екеуі ажырасқан. Сондықтан, өш алу мақсатында аса хайуандықпен өлтірген деп топшылайды.
«Папасының туған күнінде ән айтты. Заң жүзінде екеуі айырылып кеткен. Сұлтан ерегесіп істеді ме деп те ойламыз. Екеуі ұрысып қалып, ажырасып кетті. Ағам мен жеңгем қанышердің қолынан өледі деп ешкім ойламадық. Бүгін жер қойнауына тапсырып жатырмыз. Ендігі жерде Наурыз бен Мейрамгүл аман-есен табылса екен деп тілейміз. Қанышерді ұстаса екен», – деді отбасының туысы Асила Мұқанғалиева.
Әзірге отбасының жоғалған басқа адамдарынан еш хабар жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал полиция 29 жастағы Махамбет ауылының тұрғынын күдікті деп танып, оған қатысты іздеу жарияланғанын хабарлады.
«Күдіктіге іздеу жарияланды. Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сондай-ақ өзге де тұлғалардың қатыстылығы тексерілуде. Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және жалған не расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз», – деді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Абай Жұмабаев.
Оқи отырыңыз: Жоғалған отбасы: ауыл тұрғындары ерлі-зайыптылардың денесін жер қойнына тапсырды