Атырауда жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшы ауыр жарақат алды

Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісіне байланысты қылмыстық із қозғалды.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы биіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жазатайым жағдай құрылыс алаңында болған. Теміржол вокзалының жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы мінбеден оңбай жерге құлаған. Сол сәтте төменде жүрген тағы бір адамның үстіне ауыр зат тиген. Қазір биіктен құлап түскен 42 жастағы ер адам жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ал 39 жастағы екінші жұмысшыға медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберіліпті.

«15 қазанда сағат 10:30-да облыстық ауруханаға келіп түсті.  1984 жылы туған науқас ауыр жарақат алған. Бас миы, қосымша омыртқа жарақаты бар, қазіргі таңда жансақтау бөлімшесінде, жатыр. Жағдайы ауыр, кеше тиісті операция жасалды, барлық медициналық көмек көрсетілді»,  деді Атырау облыстық ауруханасының директоры Ербол Иманғалиев.

Ал Көлік полициясы еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Кінәлі тұлғалар анықталса, жазаға тартылмақ. Қазір оқыс оқиға болған жер қоршауға да алынбаған.

 Ал құрылысшылар жұмысын жалғастырып жатыр. 

«Еңбек қағидаларын бұзу фактісі бойынша Атырау Көлік полициясы бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайы анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚК 201- бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», - деді Көліктегі полиция департаменті Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Табылдыұлы .

Еңбек инспекциясы комиссия құрып, құрылыс жүргізіп жатқан компанияны тексеруге кіріскен. Жалпы теміржол вокзалының құрылысы былтыр басталған.

Айта кетейік, жалпы аймақта жыл басталғалы 48 жазатайым оқиға тіркеліпті. Қызмет бабында жүріп 56 жұмысшы зардап шеккен. Ал 5 адам қайтыс болған.

Жұлдыз Қайратқызы,  Атырау облысы
Оқи отырыңыз: 
Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайды