Атыраудағы апатты үйдің тұрғындары қашан көшіріледі

24.06.2026 20:31

 Шаһарда 80-нен аса үй апатты деп танылған

Атыраудағы Құнанбаев көшесінің тұрғындары қирандының астында қаламыз ба деп қорқып отыр. Пәтерін қайта-қайта жөндеп шаршаған жұрт жарамсыз деп танылған үйде бір күнге де қалғысы жоқ. Төбесі тесілген баспананың шатырынан су өтеді, жарылған қабырғадан жел еседі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл баспаналардың іргетасы 60 жыл бұрын қаланған. Жауын жауған сайын шұрық-тесік болған шатырдан су өтеді. Тұрғындар «салбыраған электр желілері қауіп төндіріп тұр» дейді. Тіпті үйдің қабырғасы сықырлап, түрлі дыбыстар шығады екен.

«Үйдің астында қалып қоюымыз мүмкін, қауіпті. Тез арада бізге көмек беруін сұраймыз. Қабырғаның бәрі сөгіліп, жарықша шығып тұр. Жел соғады, су кіреді. Мен түсінбеймін, бізді мазақ қылып отыр ма? Айта-айта шаршадық», – деді қала тұрғыны Анар Қалиева.

Тұрғындар баспа мәселесін айтып талай табалдырықты тоздырған. Бірақ түйіткілдің түйіні тарқар емес.

«Жаңбыр жауған сайын үйз селкілдейді, біреу жүрген сияқты. Электр тоқтары ашық жатыр. Интернет ұстамайды», – деді  қала тұрғыны Дәмигүл Айсағалиева

Ал қала әкімдігі дайын тұрған үй жоқ екенін айтты. Одан бөлек бұл үйлердің биыл сүрілуі белгісіз. Сондықтан, барлық жұмыс заң аясында жүргізілетінін жеткізді.

«Тозығы жеткен апатты үй тізімде Құнанбаев көшесіндегі үйлер бар. 1965 жылы салынған 46 пәтерлік баспана. Тізімде болғанымен 2026 жылы сұріледі деген сөз емес, қалада тұрғын үй салынуына қарай, бюджеттің мүмкіндігіне сай құрылысы аяқталған тұрғын үйлер болса,кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Олжас Хасанов.

 Шаһарда 80-нен аса үй апатты деп танылған. Ондағы тұрғындардың қашан жаңа баспанаға көшетіні белгісіз. Бірақ шыдамның да шегі бар деген көпшілік мәселеміз биыл шешілмесе, үнімізді аймақ басшысына жеткіземіз деп тарқасты.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Өмір үшін күрес: сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды