Атыраудағы көпқабатты тұрғын үйде жеделсаты құлап кетті

Оқыс оқиға кезінде лифтінің ішінде 4 адам болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысы құлап кетті. Оқыс оқиға кезінде лифтінің ішінде 4 адам болған. Зардап шеккен үшеуі жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілген. Ал төртінші адам медициналық көмектен бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға таңертең Гранд Атырау тұрғын үй кешенінде болды. Үшінші қабаттан түсіп келе жатқан жеделсаты 4 адаммен бірге құлап кеткен. Зардап шеккен 62 және 66 жастағы тұрғындардың жағдайы жақсы, оларға дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне жіберген.

«Таңертең сағат 10:00-де 3 науқас алып келді, алғашқы көмек көрсеттік. Кеуде аумағы, омыртқа аймағындағы ауырсынулар бар. Амбулаториялық емге жіберілді. Ауыр жарақат жоқ», – деді дәрігер-травматолог Дәурен Нәжімеден.

Куәгерлердің айтуынша, лифт бұған дейін де бірнеше рет бұзылып, жиі істен шығатын. Ала таңнан бері қорқып қалған тұрғындар ескі жеделсатыны ауыстыруды талап етеді.

«Адамдар қорқып жатырмыз. Қаншама бала тұрады, кішкентай балалар далаға шығып жүреді. Уайымдайды», – деді қала тұрғыны Дәрия Маратова.

Жауаптылардың айтуынша, аталған тұрғын үй кешеніндегі жеделсаты соңғы рет 2014 жылы жаңартылған. Қазір қала билігі жағдайды бақылауға алып, шара қолданатынын айтты.  

«Мұнда 7 жедел сатыны ауыстыру жоспарланған. Жұмыстардың жалпы құны 122 миллион 270 мың теңгеден асады. Оқиға болған жеделсаты 2014 жылы ауыстырылған. Оқиғаның нақты себептерін анықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімі Данияр Таханов аталған жерге барып, бақылау жүргізді. Тиісті қызметтерге жеделсатының техникалық жағдайын тексеріп, қажетті шаралар қабылдауды тапсырды», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.

Қаладағы 179 көпқабатты тұрғын үйде 567 жеделсаты жұмыс істейді. Олардың 67-і ескі және жөндеуді қажет етеді. Соңғы он жылда 30 көпқабатты тұрғын үйдегі 59 лифт ауыстырылған.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Таразда 24 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты