Атыраудағы жарылыс: дүкен қазандығы істен шығып, көпқабатты үйлердің терезесі сынды
Зардап шеккен адамның жағдайы ауыр
Атыраудағы электроника дүкенінде қазандық жарылып, салдарынан бір адам зардап шекті. Оның беті мен басына ауыр зақым келген. Дәрігерлер ер адамның жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дүмпудің қатты болғаны соншалық, маңайдағы бес қабатты тұрғын үйлердің және бірнеше көліктің терезесі сынған. Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Ал баспанасы бүлінген тұрғындарға әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілмек.
"Сағат 9:00-да ұйықтап жатқанда тарс етіп, қатты жарылғандай болды. Мен балаларымды іздедім, көлік жарылды деп ойладым. Терезеге қарасам, жанында тұрған көліктердің терезелері ұшып кеткен. Басымды шығарып қарағанымда, 5-қабатқа дейін бәрінің терезелері сынған, – деді куәгер Күміс Сатыбалдиева.
"53 жастағы ер адам түсті. Диагнозы – комбинирленген жарақат. Беті мен аяқ-қолдары күйген және бас миының ауыр жарақаты бар. Қазіргі кезде пациент нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр күйде тұрақты, – деді Атырау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Еркін Ербөлеков.
Оқи отырыңыз: Семейде заңсыз шылым саудасымен айналысқан тұрғын сотталды