Семейде заңсыз шылым саудасымен айналысқан тұрғын сотталды
Заңсыз тауардың нарықтық құны 108 миллион теңгеден асады
Семейде заңсыз шылым саудасымен айналысқан тұрғын сотталды. Тергеу материалдарына сәйкес, 49 жастағы кәсіпкер темекі өнімдерін арзан бағаға сатып алып, әрі қарай сатумен айналысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сот оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда ер адам амнистияға ілініп, негізгі жазадан босатылыпты. Ал тәркіленген 111 мың 896 қорап темекі сот шешімімен жойылды. Өнімдердің ешқайсысында акциздік марка мен сәйкестендіру номері болмаған. Заңсыз тауардың нарықтық құны 108 миллион теңгеден асады. Ал мемлекетке төленбеген акциз сомасы 40 миллион теңгеден көп.
«Іс материалдарына сәйкес, Семей қаласының 49 жастағы тұрғыны темекі өнімдерін белгісіз тұлғалардан төмен бағамен сатып алып, оларды қаланың әртүрлі жерлерінде, гараждарда, автокөлікте және дүкенде сақтаған. Кейіннен темекілерді сатқан. Сот оны акцизделетін тауарлардың аса ірі мөлшердегі заңсыз айналымына кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», – деді Абай облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Айдана Нұрлан.
Оқи отырыңыз: Алматыда көріктендіру ережесін бұзған 43 компанияға 5,7 млн теңге айыппұл салынды