Атыраулық ғалымдар табиғи апаттың алдын алатын жаңа жоба ойлап тапты

10.04.2026 18:54

Жаңа өнім пластикті алмастырып, қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді

Атыраулық ғалымдар табиғи апаттың алдын алатын жаңа жоба ойлап тапты. Авторлардың айтуынша, бұл бағытта су және ауылшаруашылығы қалдықтарын пайдалану арқылы экологиялық қаптама жасалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа өнім пластикті алмастырып, қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Қазір халықаралық ғылыми жоба сынақтан өтіп жатыр.

Халықаралық жоба дүниежүзіндегі экологиялық апаттарға тосқауыл қоймақ. Қазір ғалымдар шетелдік әріптестермен бірлесіп, пластик қалдықтарының қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін биоыдырайтын полимерлік композиттерді әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, мамандар аймақтағы қамыс өртімен күресудің де әдіс-тәсілдерін ойластырыпты.

«Түркиялық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Түрлі қоспаларды пайдаланып, жан-жақты зерттеу жасап жатырмыз. Ал енді қамысқа қатысты тоқталсақ, ол - менің ойымда жүрген жобалардың бірі. Біз жергілікті қамыс пен ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалануға тырысамыз. Арнайы жабдықта өңделген шикізат полипропиленнің құрамына енгізіледі. Нәтижесінде қаптаманың ыдырау мерзімі қысқарып, өндірістік шығындар азаяды», – деді жоба авторы Айгүл Бұқанова.

Мамандар қанат қақты жобаның берері көп дейді. Қазір олар шағын ғана зерттеу кабинетінде жан-жақты эксперимент жасап, түрлі қондырғылардың көмегімен пластиктерді шикізатқа айналдырып зерттеуде.

«Ғылыми зерттеу жұмысымыз биополимерлі қалдықтарды ыдырауға көмектеседі. Жоба мақсаты – полипропиленді алып, содан дайындалған өнімдерден ыдырау пленкаларды алу», – деді жоба зерттеушісі Фазилат Қайырлиева.

Бір қуантарлығы, ғылымға бет бұрған жастардың қатары көбейіп келеді. Қазір жобаға жас мамандар да қызығушылық танытып, сабақты практикамен ұштастырып жүр. 

«Зерттханада оқытушылардың қарауымен көптеген эксперимент жасап жатырмыз. Оның ішінде қамыспен эксперимент жасап, полимерлерді алудамыз. Олар экономикалық, экологиялық жағынан тиімді», – деді студент Азамат Құдайберген.

Ғалымдар осындай технологияларды енгізу қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеудің жаңа бағыттарын қалыптастыратынын айтты.

Жұлдыз Қайратқызы

Оқи отырыңыз: Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80 пайызға дейін артады