Аулаға 54 орындық орнатқан Атырау әкімдігін белсенділер сынға алды

Орындықтардың әрқайсысы 55 мың теңге тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау әкімдігі ауланы түрлендіреміз деп, бір тұрғын үй кешенінің төңірегіне 1 емес, 10 емес, 54 орындық қойған.  Ал атыраулық белсенділердің айтуынша, бюджет қаржысын тиімсіз жұмсалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмагүл ықшамауданында қаз-қатар тізілген орындықтар 2022 жылы 100 аула жобасының аясында салынған. Бірақ аумақ әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Есесіне, әр метр сайын аттатпайтын орындықтар бар. Тұрғындар «оның ешқайсының түкке керегі жоқ» деп отыр.

«Бізге зияны жоқ. Бірақ кейбір жерге жетпей жатқан шығар. Алақандай аулаға 54 орындықты қойғаны несі? Кешке демалуға шыққанда бәріне адам отырмайды», – деді қала тұрғыны Аманкелді Маутов.

Орнатылған орындықтарға рақмет айтып, отыра беруге де болар еді. Мұндағы негізгі мәселе – бюджет қаржысының негізсіз шашылуы. Ал шындап келгенде, ауласында бір де бір орындығы жоқ тұрғын-жайлар қалада жетіп артылады.

«Мұны дұрыс емес деп санаймын. Қаншама қаржыны осыған жұмсады. Саябақтан бастап, көптеген аулаларда демалуға мүмкіндік жоқ. Неге сол жаққа орнатпайды? 10 емес, 20 емес, 54 орындық кімге керек?» – деді қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов.

Қаптап тұрған көп орындықтың біразы сынып үлгерген. «Бәрін 100 аула жобасының негізінде істедік» деген әкімдік өкілі аталған іске облыстық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ал бұл ауладағы орындықтардың әрқайсысы 55 мың теңге тұрады.

«Отырғыштар мен қоқыс жәшіктері жобада дәл осылай көрсетілген. Бір қадам емес, адам саны көп болуына байланысты осылай қарастырылған болатын. Брусчатканың үстіне қою қарастырылған. Адам санына байланысты жобалаушы осылай жобалап берді», – деді ТҮКШ және тұрғын үй инпекциясы бөлімі сектор меңгерушісінің м. а. Ербол Айтқалиев.

Айта кетейік, аталған жобада көрсетілген жұмыс әлі толық аяқталмаған. Әкімдіктегілер жыл соңына дейін қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйдің ауласына футбол алаңдары мен жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, сондай-ақ ойын алаңдары салынады деп сендіріп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау

Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Жезқазғандағы ауруханада бүлдіршін көз жұмды

Новости партнеров