Дерекке қатысты арнайы тексеру жалғасып жатыр
Бір жарым жастағы бала айналасы 1 аптаның ішінде ажал құшқан. Жезқазғандағы ауруханада көз жұмған кішкентай Каролинаның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жезқазғандық Светлана Велиеваның 1 жарым жастағы қызы 2 қаңтарда ауруханада көз жұмған. Оның айтуынша, қызы қарапайым тұмаумен ауырған. Алғашында баланың құлағы ауырып, ауруханаға түсіпті. Бірақ алда-жалда жағдайы күрт нашарлап, екі күннен соң жансақтау бөліміне ауыстырылған. Сол жерде өкпе тінінің инфекциялық қабынуы деген ауыр диагноз қойылады. Салдарынан сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты.
«Жансақтау бөлімінде жатқанда бірден пневмония, пневмоторакс деді. Бірақ мұндай диагноз екі күнде пайда болмайды ғой. Баламның өліміне тікелей дәрігерлерінің салғырттығы себеп болды. Оған дейін дәрігер өкпеден ештеңе таппаған, «бәрі таза» деді. Ал қызу мен ауырсынуды тіс шығудың салдары деп түсіндірді. Сол кезде шын диагноз қойылып, дұрыс ем қолданылғанда, мүмкін, қызым тірі болар ма еді?» – деді марқұмның анасы Светлана Велиева.
Каролина – отбасының екінші перзенті. Ата-анасының көптен күткен сәбиі 6 қаңтарда екі жасқа толуы тиіс еді. Бірақ кезекті туған күнде үй-іші қара жамылған. Қайғыдан қан жұтқан ана Денсаулық сақтау басқармасы мен полицияға, прокуратураға шағым жазды.
«Біз барған барлық медициналық мекеменің тексерілгенін талап етемін. Балама дұрыс көмек көрсетілді ме, жоқ па, соны анықтасын? Жауаптылар жазасыз қалмауы тиіс. Бұл мен үшін де, қоғам үшін де өте маңызды». – деді марқұмның анасы Светлана Велиева.
Балалар хирургиясы бөліміне де арнайы бардық. Меңгерушінің сөзінше, сәбиге қажетті медициналық көмек толығымен көрсетілген. Мұндағылар шұғыл түрде телемедицина платформасы арқылы консилиум ұйымдастырып, Астанадағы білікті дәрігерлермен де байланысқа шыққан. Қиыны, дерт өте жылдам өршіген көрінеді. Сондықтан бала стационарға жеткізілген сәтте жағдайы тым ауыр болыпты.
«Ем-домға қарамастан, баланың жағдайында оң өзгеріс байқалмады. Қайтадан Астанадағы дәрігерлермен кеңес өткізіліп, екінші дренаж қою ұсынылды. Ұсынылған барлық медициналық шаралар толық көлемде жүргізілді. Негізі осы балаға санавиация келетін болып шешілген, бірақ оған дейін бала шыдамады. Бұл балада іріңді инфекция, бір-екі күндік ауырған емес, жоқ дегенде бала 10 күн ауырған», – деді облыстық көпсалалы аурухананың бөлім меңгерушісі Данияр Аманов.
Дәрігерлердің айтуынша, қолданылған ем тиісті нәтиже бермеген. Ал арнайы сараптамадан кейін ғана, қыз баланың туа біткен кистасы болғаны анықталған. Сәйкесінше, бұл патология ауруды одан бетер қиындатып, қолданылған ем-шаралардың тиімділігін төмендеткен.
Айта кетейік, қазір аталған дерекке қатысты арнайы тексеру жалғасып жатыр.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова. Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Жүргізушісінің өлімі: Петропавл қаласының такси қызметтері қаралы күн жариялады