Ауласынан спортзал салған жаттықтырушының шәкіттері чемпион атанды

29.10.2024 18:43

Серік Молдабеков 10 жылдан бері 300-ге жуық шәкірт тәрбиелеген

Сыр өңірінде ен байлықсыз-ақ елге қызмет етудің ерекше үлгісін көрсетіп жүрген жан тұрады. Ниетін нақты ісімен ұштастырған қарапайым мұғалім Серік Молдабеков - Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылының тумасы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Серік Молдабеков – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мектепте оқушыларға шығыс күресінің қыр-сырын үйретеді. Алайда аядай спорт залда балалардың бәрін қамтуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан қолда барды ұқсатып, өз үйінің ауласын спорт кешеніне айналдырған. Екі бөлмелі жаттығу залының қабырғасын өзі қалаған. Бүгінде елдімекендегі 70-ке жуық оқушы шеберлігін шыңдап, түрлі жарыстан олжалы оралып жүр.

"Әдепкіде қиындау болды. Жаттығатын жер жоқ. Тоқтап қалған балабақшаның бөлмелерін пайдаландық. Одан қалды 3 бөлмелі дәріханада жаттықтық. Ауыл жастарын көтеру, спортқа деген құлшынысын арттыру – мақсатым. Оған жету үшін шәкірттерім, ауыл жастары асар жасап, залдың іргетасын құйып, кесегін өзім өріп шықтым. Екі жыл көлемінде салып бітірдім",  –  деді жаттықтырушы Серік Молдабеков

Спорт маманының шағын залды іске қосқанына 10 жылға таяпты. Осы кезге дейін 300-ге жуық шәкірт тәрбиелеген. Алды халықаралық додаларда олжалы болды. Каратэ-до спорты адамды ептілік пен шыдамдылыққа баулиды. Әрине, мұнда жаттыққан жанның  барлығы бірдей спортшы емес. Жастарға жол көрсетуді көздеген азамат еселі еңбегіне ақы сұрамайды.

Көп оқылған: Қалдық су жертөлеге жиналады: Петропавлдағы көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа үйдің сапасын сынады

"Ағай ешкімді бөлмейді, өз баласындай көреді. Мынадай аядай жерде дайындалып жатсақ та, талай чемпион шығарып жатыр. Талай жарыстарға қатыстық.  Ағайға, рақмет, бас иеміз!" – деді оқушы Аян Тұржанов.

"Бұл спорт залда жаттығу жасап, талай жарыста бірінші орын алдым. Төрт жарыстан алтын медаль алдым. Серік ағайдың мақтанышы болу – біздің арманымыз! Мақсат – ауылдың, ауданның, облыстың атын шығару" – деді  оқушы Айзере Дәулетбекова.

Жаттығу залындағы физикалық шеберлікті шыңдайтын бірнеше құрылғы жүк көліктерінің жарамсыз бөлшектерінен жасалған екен. 

"Ата-ананың сеніміне кіргеннен кейін бе, әлде балалардың қызығушылығы артқаннан ба, бала көп. Қазақта "еті сенікі, сүйегі менікі" дейді ғой. Алты жастан бастап кішкентай балаларды тәрбиелеп келе жатырмыз. Бірақ баламен жұмыс істеу оңай емес. Мамандықты шын сүйген адам оны әрі қарай дамыту үшін кез келген қиындықты жеңіп шығуға болады. Кезінде мүмкіншілік болмады. "Кезінде мен көре алмағанды артымнан келе жатқан шәкірттерім көрсін" деп жұмыс жасап жатырмын", – деді жаттықтырушы Серік Молдабеков.

Айта кетейік, елдімекеннен су жаңа спорт кешені салынып жатыр. Көптен күткен нысан іске қосылса, аядай ауылдан әлі талай тарлан түлеп ұшарына сенім мол.

Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Түркістанға 734 мыңға жуық турист келген