Аутизммен күрес: Алматыда ерекше балаларға арналған 15 орталық бар

25.09.2024 21:20

Мегаполистегі 180-нен астам мектепте инклюзивті білім беру қарастырылған

Almaty.tv

Алматыда аутизмге шалдыққан, ақыл-ойының дамуы тежелген балалар көбейіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Гүлмира Шәріпова – Арланның әжесі. Баланың ата-анасы үй бола алмай, ажырасқан соң, зейнеткер немересін қамқорлығына алған. Әжесі немересінің бойындағы ерекшелікті 1,5 жасында байқайды. Алайда мән бермеген. Ал арада 2-3 жыл өткенде дәрігерлер балаға аутизм диагнозын қойған.

"Төрт жасында атын атасам, маған қарамайтынын байқап, дабыл қақтым. Емханаларды араладым. Қалай емдеуге болатынын зерттеп шықтым. Аяғында осы орталыққа келдім. Алғысым шексіз! Балам ештеңе түсінбейтін, қазір жағдайы жақсарды", – деді қала тұрғыны Гүлмира Шәріпова.

Мамандардың сөзінше, балалардың дамуының кешеуілдене күндіз-түні қолдан түспейтін гаджеттер бірден-бір себеп. Психологтар «ата-ананың жеткіншектерге жеткілікті көңіл бөлуі маңызды» дейді.

"Ерекшелігі бар балалардың ата-аналары мойындай бермейді. Олар «баламның дамуында кемшілік бар» деп айтпайды. Жеткіншекке жақсы көңіл бөлінсе, жарты жылда аутизм диагнозын алып тастауға болады. Мұндай нәтижелер көп", – деді психолог Гульбанум Мурадуллаева.

"Орталықта 1-7,8 жас аралығындағы психикалық дамуы тежелген, сөйлеу және ой-өрісінде кемшілігі бар 30 бала келеді. Балалармен жеке-дара жұмыс істейді. Диагностика қорытындысына сәйкес, түзету-дамыту орталығының балалары орталықтан өте жақсы нәтиже алып шығады", – деді әдіскер Аймереке Әбдірахман.

Айта кетейік, Алматыда ерекшелігі бар балалармен жұмыс істейтін 15 орталық бар. Сондай-ақ мегаполистегі 180-нен астам мектепте инклюзивті білім беру қарастырылған.

 Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда бизнеске бірыңғай есеп беру күні өтеді