Былтыр бұл бағытта 400-ге жуық өтінім мақұлданған
Жетісу облысының тұрғындары ауыл халқына арналған жобадан тыс қалып отыр. Былтыр бұл бағытта 400-ге жуық өтінім мақұлданған. Алайда кәсіп ашуға сұраныс бергендердің бір де-біреуі әлі күнге дейін ақша алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметтің шалғайдағы елдімекен тұрғындарының тұрмысын түзейді деген «Ауыл аманаты» жобасына үміт артқандар көп. Мал бордақылап, ет, сүт өндірісімен айналыссам, жылыжай ашсам дегендер несие алуға құжат тапсырған. Былтыр 342 адамның өтініші мақұлданған. Алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы шот ашқандардың бір де-біреуі несие ала алмаған.
"7 ай болды ештеңе істегеніміз жоқ. Қора жайымыз бәрі дайын. Бәрі салулы, жем-шөбімізді де дайындағанбыз. ЖК ретінде тіркеліп, есеп шот аштық. 7-8 ай міндетті медициналық сақтандыру төлемін төлеп жатырмыз. Босқа ақша күйіп жатыр", – деді шаруа Батырхан Қайсар.
Бизнес жоспарды былтыр ұсынғандар биыл қолына қаражат тиген күннің өзінде жобаны жүзеге асыра алатынына алаңдайды. Өйткені құрылыс материалдары мен төрт түліктің бағасы қымбаттап кеткен.
"Бизнес жоспар жасаған кезде «4-5 жасар бұқа аласыз оның бағасы 400 мың теңге» деді. Қазіргі бағасы 500-600 мың теңгеге алуға болады. Ақшаны алғанның өзінде де, жұмыс қалай болар екен?" – деді шаруа Әлібай Айдын.
"Бүгін әкімшілікке кірдік. Ешқандай қанағаттандыратын жауап алмадық. Үшаралдан, Жаркенттен келді. Бізге 2,5 пайызды нақты қай уақытта беретінін айтса", – деді шаруа Ерғазы Сүлеймен.
Ал облыстық әкімдіктегілер жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеді дегенді алға тартты. Несиенің нақты қай уақытта берілетінін де жергілікті билік дөп басып айта алмай отыр.
"2024 жылға 342 өтінім қабылданған, 2,6 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл өтінімдерді республикалық бюджеттен ақша бөлінбеуіне байланысты әлі төленген жоқ. Биыл күтіп отырмыз. Қалай ақша бюджеттен бөлінеді 342 өтінім берген кәсіпкерлерге төлейміз", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерсін Тарыбаев.
Жетісулық шаруалардың мәселесі бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне де хабарластық. Әзірге жауапты ведомство сұрауымызға жауаптың дайындалып жатқанын жеткізді. Қосымша мәлімет алдағы шығарылымдарда жарияланады.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда былтыр 15 мыңға жуық азамат атаулы әлеуметтік көмек алды