Ішкі істер министрі Ержан Сәденов балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ведомстволық жоспар әзірленгенін жеткізді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүйлеменова зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсететін 40 кабинет ашпақшы. Сөзінше, мамандар жеткіншектерге психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте балаларға арналған тұжырымдаманы таныстырды. Сөзінше, бағдарлама еліміздегі жеті миллионға жуық жеткіншектің білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында құқығын қорғайды. Министр ең алдымен жасөспірімдердің мүддесін қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кадр санын көбейтіп, педагог-психологтарға қойылатын талаптарды күшейтпек. Мектептерде педагог-психолог сағатын енгізіп, зәбір көрген балаларға көмек беретін кабинеттер ашуды жоспарлап отыр.
«Бүгінгі таңда 4 өңірде, атап айтқанда Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылғандығын ерекше атап өткіміз келеді. Қалған өңірлер наурыз айына дейін осы басқармаларды ашуды күтуде. Облыс әкімдеріне осы ретте жұмысты уақытылы аяқтауға көңіл бөлулерін сұраймыз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ведомстволық жоспар әзірленгенін жеткізді. Айтуынша, былтыр полицейлер түнде көше кезген 130 мың баланы, ойын-сауық орталықтарында үлкендердің қарауынсыз жүрген 3 мыңға тарта жеткіншекті анықтаған. Ал ата-ана міндетін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылған.
«Балалардың жол-көлік жарақатын алдын алу жұмыс күшейтілді. Оларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Мектептердің қасындағы инфрақұрылымды тексердік. Қосымша жаяу жүргінші бағдаршамдары, жасанды кедергілер, жол белгілері мен ақпараттық панолар, қоршаулар, жарықтандырулар орнатылды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Баяндамашылардан кейін сөз алған Премьер-министр Олжас Бектенов балаларды оңалту мәселелері бойынша ата-аналардан шағымдар көп түсетінін айтты. Ол ерекше білімді қажет ететін жасөспірімдерді қолдайтын бірнеше тәсіл енгізілсе де, оны тиімді жүзеге асыруға мамандар жетіспейтінін жасырмады. Премьер Бектенов алыстағы ауыл балаларына да алаңдайды. Олар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының игілігінен қағылып қалмасын деп отыр.
«Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалады. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді. Әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айырылып отыр. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Отырыс соңында Олжас Бектенов облыс әкімдеріне бала құқығын қорғау басқармаларын құруды 2 айда аяқтауды міндеттеді. Сондай-ақ бірінші ақпаннан бастап мектептерде балалардың қауіпсіздігі мен тамақтануы ескертусіз тексерілетінін айтты.
Айта кетейік, былтыр Көкшеде өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Бір жылдан кейін Үкімет тұжырымдаманы бекітті.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Балалар энергетикалық сусындарға тәуелді»: Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берді