Ауыл мұғалімі ерекше балаларға арналған оқу құралын жасады

03.11.2026 16:28

Мектеп ұжымы құрылғыны бірнеше дана етіп шығаруды көздеп отыр

Ауыл мұғалімі электронды құрылғы ойлап тапты. Жай құрылғы емес, көру, есту және сипап сезу қабілеттерін қатар пайдаланып, математиканы ойын түрінде үйрететін арнайы оқу құралы. Яғни, бұл арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санды көреді,  дыбысталуын естиді және пішінін қолымен ұстап таниды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қосу, бөлу, санды ажырату. Біреуге оңай көрінетін бұл тапсырмалар – кей балалар үшін үлкен сынақ. Сондықтан Берік Аманжол математиканы ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға түсінікті әрі ыңғайлы етуді қолға алған. Маман –Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, №1 Смирнов орта мектебінің ұстазы. Ойлап тапқан құрылғысы арқылы кәдімгі тапсырмаларды интерактивті ойынға айналдырған. Яғни, онда күрделілігі әртүрлі тапсырмалар, дауыстық нұсқаулар және ақпаратты экраннан көру мүмкіндігі қарастырылған. Ал басты ерекшелігі – көлемді сандар мен пішіндер. Бала оларды қолымен ұстап, сипап сезе алады.

«Бұл – электронды бөлшектері бар, үш өлшемді сандардан құралған толыққанды оқу құралы. Оқушы сандарды қолымен сезіп, оларды қосып, бөліп үйрене алады. Саусақ ұштарында сезімтал рецепторлар бар. Оларды іске қосу арқылы мидың дамуына, нейрондық байланыстардың қалыптасуына ықпал етуге болады. Құрылғыны қолданғалы балалардың сабаққа қызығушылығы мен бір орында отырып жұмыс істеу көрсеткіші 4 балдан 8 балға дейін өсті», – деді № 1 Смирнов орта мектебінің математика пәні мұғалімі Берік Аманжол.

Ауыл мұғалімінің ойлап тапқан құрылғысы бүгінде алғашқы сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жаңа тәсілдің арқасында оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен тапсырмаға зейін қою деңгейі екі есе артқан. Енді мектеп ұжымы құрылғыны бірнеше дана етіп шығаруды көздейді. Өйткені, мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 20-дан астам бала білім алады.

«Біз тренажердің бір ғана данамен шектеліп қалмауына, кем дегенде 10 данасын шығаруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір демеушілер іздестіріп жатырмыз. Сондай-ақ автордың өнертабысына патент алуына көмектескіміз келеді. Алдағы уақытта бұл жоба дамып, тек біздің мектептегі емес, еліміздің барлық өңіріндегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға пайдасын тигізсе дейміз», – деді № 1 Смирнов орта мектебінің директоры Аслан Тілеубергенов.

 Айта кетейік, Берік Аманжолдың бұдан бөлек тағы 3 жобасы бар. Қазір соның бірін әзірлеуде.

Диана Тұрлыбек, Петр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматыда механик-ғалымдар мен инженерлердің дүниежүзілік конгресі өтіп жатыр

 

 

 

 

 

 

 

Толық көрсету