1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады
1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Ай соңына дейін фермерлер мен ауыл тұрғындары sanaq.gov.kz сайтына кіріп, сауалнамаға онлайн жауап беру мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүйеге кіру үшін eGovMobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба, SMS-хабарлама немесе QR-код қажет. Онлайн кезеңге қатыспағандар үшін 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер шаруашылықтарды аралауды бастамақ. Ол үшін санақ жүргізетін мамандар іріктеліп жатыр. Бюроның ресми мәліметіне сүйенсек, санақта 21 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен 279 мыңға жуық фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер қамтылады.
Айта кету керек, мамандар ешқашан қоңырау шалып, растау кодын сұрамайтынын ескертті.
«Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Қазақстан бойынша осындай 2 684 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өтуге арналған қажетті техника болады», – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова.
Халыққа ыңғайлы болу үшін сайтта сауалнаманы қалай толтыру керек екені көрсетілген бейненұсқаулық ұсынылады. Сондай-ақ нақты уақыт режимінде көмек беретін SANAQ чат-боты жұмыс істейді. Сонымен қатар санақ парақтарында берілген барлық ақпарат құпия сақталады, ол мемлекеттік органдарға берілмейтінін ескертеміз. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, деректер тек жалпыланған түрде қолданылып, еліміздің аграрлық саласындағы жағдайды саралау үшін пайдаланылмақ. Санақ жүргізуге қатысатын әрбір маман ақпаратты құпия сақтау жөнінде арнайы міндеттеме де қабылдайды.
«Сауалнамаларда көрсетілген барлық ақпарат қатаң құпия сақталады. Ол салық, полиция немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Барлық мәлімет тек жиынтық түрде, ауыл шаруашылығы саласын талдау үшін пайдаланылады. Әрбір интервьюер құпиялылықты сақтауға міндеттеледі, ал деректерді сақтау жүйелері ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді.
Айта кетейік, Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер 2025 жылдың желтоқсанында, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады»,– деді Әсел Шәуенова.
Оқи отырыңыз: Шымкентте жайылым азайып барады