Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі айтты
Астанада автобус апатынан екі аяғынан айырылған 8 жастағы қызға мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Виктория Шегай қазір балаға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Қажетті процедуралар аяқталғаннан кейін оған республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы төленетінін жеткізді.
«Балаға мүгедектік тағайындағаннан кейін республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ қыздың анасына мүмкіндігі шектеулі баланы күтіп, баққаны үшін жәрдемақы түрінде көмек тағайындалуы мүмкін. Мен дәл қазір көмектің нақты мөлшерін айта алмаймын. Өйткені мүгедектік тобына, еңбекке қаншалықты жарамсыздығына байланысты жеке есептеледі», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.
Автобус апатынан зардап шеккен 8 жастағы Алуа көмекке мұқтаж екенін жазғанбыз.