Автобус апаты: Астанада жүргізушісі қаза тапты

Almaty.tv
Almaty.tv

Полиция мәліметінше, соққыдан екі жолаушы зардап шеккен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, біреуінің жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдын ала деректерге сәйкес, минивен тізгіндеген азамат рөлге ие бола алмай қалған. Қайғылы оқиға сағат 20:00 шамасында болған. Қошқарбаев көшесімен жүйткіп келе жатқан шағын автобус аялдамада тоқтап тұрған қоғамдық көлікке келіп соғылған. Рөлде болған азамат сол мезетте тіл тартпай кеткен.

Жеңіл көліктің алдыңғы бөлігінің сау-тамтығы қалмаған. Бейнеден құтқарушыларды, жедел-жәрдем көлігі мен қаптаған адамды, есіктері айқара ашылып тұрған №43 автобусты көруге болады. Полиция мәліметінше, соққыдан екі жолаушы зардап шеккен. Оларды жедел жәрдем уақыт оздырмай ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер түрлі жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсеткеннен кейін, біреуін үйіне жіберген. Ал екіншісі біраз уақыт мамандардың бақылауында болып, ем қабылдайды.

«Бір науқастың жағдайы тұрақты. Әрі қарай амбулаторлық емге жіберілді. Екінші науқас политравма бөлімне жатқызылды. Қазіргі таңда жағдайы орташа. Емін қабылдап жатыр. Әрі қарай ауруханада бақыланады», – деді № 1 Көпбейінді қалалық ауруханасы директорының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Бауыржан Ешмұратов.

Құзырлы органның дерегінше, минивен жүргізушісі темір тұлпарының рөліне ие бола алмай қалған. 49 жастағы азамат сол сәтте көз жұмған. Қазір бұл іске қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан шағын автобустың жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Зардап шеккен 2 адам ауруханаға жеткізілді. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Эльмира Шәуленова.

Апат айтып келмейді. Қайғылы оқиға салдарынан № 43 автобус та, жеңіл көлік те діттеген жеріне жете алмады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Балаларды құлдықта ұстаған өгей әке бас бостандығынан айырылды

Новости партнеров