Автобус апаты: зардап шеккен науқастардың жағдайы ауыр

Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, 15 адам зардап шекті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, 15 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың алтауы бала. Апат кезінде ауыр жарақат алған бір жолаушының екі аяғы тізеден төмен кесілді. Дәрігерлер ампутация жасауға мәжбүр болған. Тағы екі адам ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қалған 12 адам жеңіл жарақат алған. Оларға алғашқы көмек көрсетіліп, үйіне жіберіліпті. Ал автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тексеріс жүріп жатыр.

№10 автобус 22:00 шамасында Республика даңғылындағы дәл осы бағанға соғылған. Автопарк өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көлік апат болмай тұрып рұқсат етілген жылдамдықпен келе жатқан.  Жүргізушінің қоғамдық көлікте 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол № 1 автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Оқиға болған күні автобус жүргізушісі медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген.

Оқиға куәгерлерінің бірі Рамир Кеңесов апат болған кезде аулада отырғанын айтты. Кенеттен қатты соққының дауысын естіп, дереу сол жаққа жүгірген. Жағдайды көрген соң, ол бірден көмек көрсетуге тырысыпты.

«Досым екеуміз аула маңында отырған едік. Кенеттен қатты дауысты естідік. Біз басында жарылыс болды ма деп ойладық. Дереу жүгіріп барып, мүмкіндігімізше адамдарды сыртқа шығара бастадық. Одан кейін жедел жәрдем, полицияға қоңырау шалдық», – деді куәгер Рамир Кеңесов.

Оқиға орнына жедел жәрдемнің 9 бригадасы жетіп, жарақат алған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Зардап шеккендердің бірі ауыр хәлде болғандықтан, оған жедел ота жасалған. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір апаттың себебі анықталып жатыр.

«Зардап шеккендердің арасында бір науқастың жағдайы ауыр, екіншісі өте ауыр жағдайда. Бір пациентке аяқтың төменгі жағына ампутация жасалды. Ол – 2017 жылғы кішкентай қыз. Бір науқас жансақтау бөлімшесінде жатыр. Ал тағы бір науқас профильді бөлімшеде жатыр», – деді Қоғамдық енсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.

 «Жол жүрісі қағидатын бұзу фактісі бойынша абайсызда адамға ауыр дене жарақатын келтіруге әкеп соққаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Астана қаласының  Полиция департаменті жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау және жолаушыларды тасымалдау кезінде мұқият болуын ескертеді», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шәуленова.

Автопарктің берген мәліметі бойынша, соқтығыс кезінде жүргізуші ешқандай жарақат алмаған. Сол күні қызметкер демалыстан кейін жұмысқа кіріскен.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз: Автобус апаты: Бір жолаушының аяғы ампутацияланды

Новости партнеров