Автобус жүргізушісін балғамен ұрған шымкенттік жас жігіт түрмеге қамалды ма

02.12.2025 21:30

Азамат  ашуланып, автобус тізгіншісін балағаттап, сыртқа шығуын талап еткен

Автобус жүргізушісін балғамен ұрып, ауруханадан бір-ақ шығарған шымкенттік жас жігіт түрмеге қамалмайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Себебі 17 жастағы тұрғын өз кінәсін мойындап, жәбірленуші тараппен татуласқан. Бүгін сот оны бостандыққа жіберді.

Еске салсақ, оқиға маусымда болған. Сол кезде № 52 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі бір адамның жол ақысын төлемегенін айтып, ескерту жасаған. Алайда азамат бұл сөзге ашуланып, автобус тізгіншісін балағаттап, сыртқа шығуын талап еткен. Арты төбелеске ұласып, жүргізушіге бірнеше адам жабыла кеткен. Келеңсіз жайттан кейін кәмелетке толмаған жігіт қамауға алынған.

«ҚК 114-бабының 3-бөлігімен айыпталған Абдуллаевқа ҚК 68-бабының 1-бөлігін қолданып, оның жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, қылмыстық іс тоқтатылсын. Абдуллаевқа қолданылған бұлтартпау шарасы өзгертіліп,  дереу босатылсын», – деді судья Болат Қарабаев.

Оқи отырыңыз: Моланың күміс айшықтарын жұлып тастаған: Атырауда қылмыстық іс қозғалды