Шардара аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшылығы мен қызметкерлері 3,7 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырған
Түркістан облысында білім саласындағы жемқорлық ісі бойынша сот үкімі шықты. Шардара аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшылығы мен қызметкерлері 3,7 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар мектепте жұмыс істемейтін туыстары мен таныстарының атына жалақы рәсімдеп, қаржыны өз пайдаларына жаратып келген. Сот барысында олардың қылмыстары толық дәлелденген.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда өңірдегі 8 ауданда білім бөлімдері арқылы 12 млрд теңгеден аса қаржы жымқырылғаны анықталды. Тергеу нәтижесінде 165 адамға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Олардың арасында Жетісай, Сауран, Созақ, Келес және Сарыағаш аудандарының қызметкерлері бар.
«Шардара ауданының білім бөлімінің басшысы оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалды. Есепшілерге 7 жылдан. Келтірілген залалды толық қайтарған тұлға бар, сонымен қатар 62 жастан асқан тұлғалар бар, жалпы 4 адам рақымшылықпен сот залынан босатылды», – деді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қос азаматтыққа қатысты жаза күшейтілмек