Көлікті несиеге рәсімдеген қазақстандықтар 483 миллиард теңге қарыз алған
Елімізде әрбір екінші көлік қарызға алынады. Биылдың алғашқы тоқсанында автонесие алу қарқыны күрт артқан. Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, жыл басынан бері банктер арқылы 483 миллиард теңгеге 213 мың несие рәсімделген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көлікке деген сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тұрғындар несие рәсімдеуге жарыса кірісіп жатыр. Бүгінде автокөлік жай қатынау құралы емес, табыс табудың жолы немесе тиімді инвестицияға айналған. Екі автонесие алған Алматы тұрғыны Айдар Ұнасбай «қос көлік те өзін-өзі ақтап отыр» дейді.
«Corolla 18 пайызбен алдым, 5 жыл 144 мың 500 теңге төлеймін. Ал екінші көлік қымбатырақ болды, 22 пайыз, айына 240 мың теңге төлеймін», – деді қала тұрғыны Айдар Ұнасбай.
Көлікті несиеге рәсімдеген қазақстандықтар 483 миллиард теңге қарыз алған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сатылым саны жағынан 36 пайызға, ал қаржы көлемі бойынша 22 процентке көп. Қаржыгерлер қауымдастығының пайымынша, көрсеткіштер әлі де өседі. Сала мамандарының болжамына сәйкес, болашақта пайыздық мөлшерлемер тағы төмендейді. Сәйкесінше, тұтынушылар үшін ұсыныстар әлдеқайда қолайлы бола түспек.
«Автонесиелеу нарығында өсім күтіледі. Қазірдің өзінде жоғары сұраныс болады деген болжам бар. Өйткені пайыздық мөлшерлемелер төмендейді, бұл тәжірибеге негізделген. Ал бәсекелестік артып келеді. Аукциондық өнімдер көбірек ұсынылады. Сондықтан өсім 20 пайыздан артық болады деген болжам бар», – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас маманы Рамазан Досов.
Қазір темір тұлпар сән емес, қажеттілікке айналды. Өз көлігім болса дейтіндер де аз емес. Бүгінде екінші деңгейлі 21 банктің 10-ы автонесие беру бағытында белсенді қызмет атқарып келеді. Оның жетеуінің шарттары халыққа қолжетімді, яғни рәсімдеу процесі жеңіл. Халық арасында арзан көліктерге деген сұраныс та артқан. Несиеге алынатын темір тұлпарлардың орташа құны – 6 миллион теңгеден асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Сарапшылар көлік құнының жыл сайын өсіп жатқанын айтты. Ал ел азаматтары арзан әрі қолжетімді автомобильдерге бет бұрған көрінеді. Себебі биыл несие рәсімдегендердің 75 пайызы 3 -10 млн теңге аралығындағы көліктерді таңдаған.
Автонесиелеу талаптары жеңілдегенімен, статистика соңғы уақытта өтінім мақұлдау деңгейінің төмендеп кеткенін көрсетін отыр. Банктерге жүгінгендердің тек 15,7 пайызы оң жауап алады екен. Бұл – қаржы ұйымдарының қарыз алушылардың төлем қабілетіне бұрынғыдан да мұқият қарай бастағанын білдіреді. Дегенмен, тұрақты табысы бар азаматтар үшін бұл нарық әлі де тартымды. Қазір орташа пайыздық мөлшерлеме 14,8 пайыз шамасында. Ал автосарапшылар көлік иелеріне түсетін қаржылық жүктемені жеңілдету үшін бірқатар ұсыныс білдіріп отыр. Ол – ішкі нарықты дамыту, автонесиелеу шарттарын жетілдіру, пайыздық мөлшерлемені төмендету және сақтандыру құнын жеңілдету. Өйткені несиеге алынған көліктер жолға шыққаннан кейін бұзылып, апатқа түсіп жататын жағдайлар да жиі кездеседі.
«Автонесие нарығына азаматтар тәуекелге барады. «Каска» сақтандыру полисі бар, бағасын жеңілдету керек. Екіншіден, автокөлік ЖКО-ға түскен жағдайда және маторы бұзылған жағдайда, несиені тоқтататын, төлемін кейінге шегеру жолдарын қарастыру керек», – деді автосарапшы Еркебұлан Құлбасов.
Несие алған азаматтар арасында қарызын өтемей жүргендер қатары аз. Төлемді 90 күннен кешіктіргендердің үлесі 3,2 пайызды құрайды. Сарапшылар мұны көлікті табыс көзі ретінде пайдаланатындардың көбеюімен байланыстырып отыр. Темір тұлпарға деген сұраныстың артқаны қуантады. Тек пайыздық мөлшерлеменің тиімдісін таңдап, қаржы ұйымдары ұсынатын шарттарды мұқият салыстыру керек.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Рашидин Якупов
Оқи отырыңыз: Әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті - сарапшы пікірі