Мектеп оқулықтарын дайындау мен сараптамасы: процестер автоматтандырылды

19.01.2026 12:45

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының аудитінен кейін оқулықтарды дайындау, сараптау және мониторингтеу процесі жаңартылды, авторлық ұжымға қойылатын талаптар мен бағалау өлшемшарттары енгізілді

Depositphotos

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) дайындау, сараптау және мониторингтеу процесі жаңартылып, негізгі процестер автоматтандырылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өткен жылдың ақпан айында орта білім беруді дамытуға бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалау үшін мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтарды дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторингтеу және басып шығару қағидаларына өзгерістер енгізу тапсырылды.

Жаңартуларға мыналар кіреді:

  • Уәкілетті орган тақырыптық жоспарды жеке баспаларға сұрау салмай бекітеді;
  • Тақырыптық жоспар міндетті түрде жарияланады;
  • Авторлық ұжым құрамында кемінде үш білікті маман болуы қажет;
  • Оқулықтарды сараптау үшін нақты өлшемшарттар енгізіледі;
  • Оқулықтар мен ОӘК сапасын 5 жылдық мерзімде жаңарту үшін мониторинг тәсілдері жаңартылады.

Бұл өзгерістер ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілді.

Тақырыптық жоспар енді автоматты түрде жасалады: баспалар мен әзірлеушілер Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz сайты арқылы өтінім бере алады.

Оқулықтар мен электрондық оқулықтарды дайындауды авторлық ұжымдан тұратын әзірлеушілер немесе баспалар жүзеге асырады. Ұжым құрамында тиісті оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтер болуы міндетті.

Сонымен қатар Министрлік мектептердің кітапхана қорларын есепке алу мен бақылау және оқулықтарды сараптамаға қабылдау процестерін автоматтандыруға жауапты.

Автоматтандыру мен нормативтік базаны жетілдіру оқулықтар мен қосымша материалдардың сапасын арттыруға, қателік пен субъективтілікті азайтуға және олардың уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда қаланың және бизнестің ішкі құндылықты дамыту мәселесі бойынша жүйелі диалог қайта жанданды